Білім саласының өзекті мәселелері талқыға түсті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен өткен арнайы жиында мектептегі әжетханадан бастап, директордың кабинетіне дейін сөз болды. Балалар қауіпсіздігі, білімі, тамағы мен ішетін сусыны, өмір салты мен діни сенімдері де талқыға түсті.

Білім беру саласында былық көп екені айтпаса да түсінікті. Бұған дейін жария болған да болмаған да істер жетерлік. Орта білім беру ұйымдары мен кәсіптік оқыту мекемелері лицензия алу үшін біліктілік талаптарына сай болуға тиіс. Өкінішке қарай, мұның өзі кей мемлекеттік мектептерде сақталмағаны анықталған. Бұл арнайы мониторингтің нәтижесі.

 Ұстаздардың біліктілігі мен адал қызмет етуі оқушының өміріне тікелей әсер етеді. Мұның бәрі бала жадында сақталып, іргетас боп қаланады. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мұның бәрін жақсы білетінін, мәселені барлық жақтан бірлесіп шешу қажеттігін айтты. Әр үш жыл сайын мұғалімдер біліктілігін жетілдіргенімен, білім сапасы жақсарып жатқан жоқ. Лицейлер мен гимназиялардың қарапайым мектептермен ара қашықтығын жақындату үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін орта білім саласына ендіру туралы ұсыныстар айтылды. Одан бөлек балалар арасындағы буллинг, суицид, ерте жүктілік факторлары да назардан тыс қалмады.

Балалардың денсаулығы да өзекті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстандағы мектеп жасындағы балалардың бойында кейбір витаминдер мен минералдарға тапшылық байқалған. Жасөспірімдердің рационында балық, ет өнімдері мен көкөністер аз немесе мүлде жоқтығы анықталған. Одан бөлек, балалар сабақ уақытында әжетханаға бара бермеу үшін жеткілікті мөлшерде су ішпейтін көрінеді, себебі дәретхананың тазалағы көңіл көншітпейді. Осылай бір-бірімен байланысып, қордаланған мәселе тым көп - деді шенеунік.