«Береке – бірлікте». Дәл осы тақырып аясында қаламыздағы  «Достық үйінде» дөңгелек үстел өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып ел басына күн туған шақта жұдырықтай жұмыла жәрдем берген азаматтарға алғысын білдірді. Ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтауда ҚХА жұмысына тоқталған ол мереке қарсаңында құттықтауын жеткізді.  

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлаудағы басты мақсат  ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау. Осы орайда, ел басына күн туған шақта жұдырықтай жұмыла атсалысқан ассамблея мүшелеріне алғыс айтқан қала әкімі игі іске жұмылған жандарға шынайы ризашылығын білдірді.

Тасқын судан зардап шеккен өңірлерге көмек қолын созуда Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жүректен жүрекке" арнайы жобасы жұмыс жасады. Бастама аясында арнайы штаб құрылып, қаланың бірнеше нүктесінде гуманитарлық көмек жиналды. Ел басына күн туған шақта жұдырықтай жұмылған этнос өкілдері  апат аймағына 200 мил теңгенің төңірегінде көмек жіберген. Атқарылған жұмыс жайында бүгінгі жиында сөз болды.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды  жергілікті жерде нәтижелі орындау үшін жоспар әзірлеп, кешенді жұмыстарды жүйелеуді жүктеген қала әкімі  Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылғы 12 сәуірдегі №24-35-2.43 шешіміне сәйкес  Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына жаңадан қабылданған мүшелеріне ҚХА Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың қолы қойылған куәліктердi табыстады. Сонымен қатар, көктемгі су тасқыны салдарымен күреске белсене атсалысқан 12 азаматты Алғыс хатпен марапаттады.

Қазақтың байтақ даласын  бүгінде 130-дан  астам ұлт өкілдері мекендейді. Осы орайда, еліміздің  үшінші мегаполисінде  60-қа жуық түрлі этнос өкілдері өмір сүруде. Олар 17 этно – мәдени бірлестік құрылып, ынтымақтастық пен татулықтың, бірліктің тамаша үлгісін көрсетуде.