Елімізде әскери техникалар жазғы пайдалану режиміне көшуде. Бұл бағыттағы белсенді жұмысты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған құрамасы алғашқылардың бірі болып  бастап кетті.

Техниканы дайындау жұмыстары кезең-кезеңмен өткізіледі. Алдымен мамандар техника санына сай жанар-жағармай материалдары мен материалдық құралдардың есебін жүргізді. Жоба ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бұйрықтары негізінде жүзеге асады. Сондай-ақ, мамандар жауынгерлік машиналардың әрбір паркінің аумағында тазарту жұмыстарын орындап, қоймалар мен парк бокстарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын да  атқарады.

Мамандардың сөзінше  жанар-жағармай материалдарының, құралдардың және қажетті қосалқы бөлшектердің барлық түрлері алдын ала алынады. Жоспарлы қызмет көрсету шеңберінде техниканың әрбір бірлігінде техникалық жұмыстардың 20 түріне дейін жүргізеді. Бұл күндері арнайы көліктердің тораптары мен агрегаттары, электр жабдықтары тексеріліп, сүзгілер жуылады, жанар-жағармай материалдары ауыстырылады.   Жұмыстарды сапалы орындауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және өрттен қорғауға ерекше назар аударылады. Айта кетейік, әскери техниканы дайындау жұмыстары мен парктің дайындық деңгейін арнайы комиссия құрамында тексерумен аяқталады.