Орталық азия инновациялық университеті түлектеріне арналған дәстүрлі Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Бұл жолғы жәрмеңке бизнес және құқық факультетінің түлектеріне арналды. Іс-шарада жұмыс берушілер тікелей бітіруші студенттермен тілдесіп, жұмысқа орналасуға өз көмегін ұсынды.
Бітіруші түлектер бос жұмыс орындар жәрмеңкесін асыға күтеді. Себебі бұл – жас маманның жұмысқа орналасып кетуіне жақсы мүмкіндік. Жұмыс іздеп сабылмайды. Бос орындардың арасынан өздеріне оңтайлысын таңдай алады. Мәселен Динара Асан Әл-Фараби аудандық полиция басқармасында оқу өндірістік тәжірбиеден өткен. Жәрмеңкеде өз мамандығы бойынша жұмыс тауыпты. Дипломды қолға ала салысымен жұмысқа орналасатынын айтады.
Орталық азия инновациялық университеті өз студенттері үшін бос жұмыс орындары жірмеңкесін жылда ұйымдастырып отырады. Биыл да түлектерге Шымкент қаласының еңбек нарығында бар бос қызмет орындары ұсынылды. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, Шымкент қаласы адвокаттар алқасы мен нотариалдық палата өкілдері, әділет департаменті және ішкі істер басқармасы мен сот сараптама институтының мамандары қатысты.
Жылда оқу орнын 1700-ге жуық маман бітіріп шығады. Биыл құқық кафедрасын 148 студент тәмәмдайды. Бітіру емтиханы, дипломдық жұмысты қорғау әлі алда. Дегенмен осындай жәрмеңкенің көмегімен түлектердің басымы сала маманы бола алады.
Іс-шарада студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, компаниялар туралы толық ақпарат алды. Айта өтейік, бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде 12 студент жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.