Жұмабек Тәшенов атындағы университет күздегі жаңа оқу жылына қазірден дайындалып, сақадай сай отыр. Студенттердің жазғы демалысы кезінде оқу орнында жаңа орталық пен кабинет ашылды. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оқу процесін жеңілдету мақсатында заманауи, ыңғайлы коворкингтің лентасы қиылды.

 Бұл орталық сағат 8:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Жылдамдығы жоғары тегін ноутбук, компьютерлермен жабдықталған. Жұмыстан бір сәт тынығуға арналған орын бар. Қолжетімді кофеавтомат, кездесу мен тренингтер өткізуге арналған алаң ойластырылған. 20-30 адамға жиын өткізуге болады. Сондай-ақ 2000 оқулық қоры бар кітапхана жұмыс істейді.


 Еске салайын, Түркістан облысы Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті Шымкентке қоныс аударып, атауын өзгерткен болатын. 2022 жылдан бастап аталған орын Жұмабек Тәшеновтың есімімен ребрендингке бет бұрды. Университетте бакалавриаттың 13 бағыты бойынша 31 мамандық иесін оқытады. Магистратураның 5 бағытымен 6 сала өкілін әзірлеп шығарады. Одан бөлек, ветеринария, сервистік сала бойынша жекелеген кәсіпорындармен келісіп, қызметкер даярлап жатыр.