Шілденің алғашқы жексенбісі елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Мерекелік шара Шымкентте «Shym City» шағын ауданындағы жаңадан ашылған алып саябақта тойланды. «Ұлттың рухы – Домбыра» атты кеште шығармашылық үйірмелердің 400-ге жуық әртістері өнер көрсетті.

Бұл саябақтың ең көрікті жері 7000 шаршы метрді құрайтын жасанды көл жағалауындағы амфитеатр. Пайдалануға енді ғана берілген ашық аспан астындағы театрда тұңғыш рет қазақтың қасиетті домбыра күні ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламада ұлттық музыка өнерінің үздік әуендері мен күйлері орындалды. Іс-шарада жас домбырашылар "Адай", "Көңіл толқыны", "Қос алқа" күйлерін орындады. Сонымен қатар күміс көмей жас әншілер қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

 Мерекелік концертте қасиетті домбыраға қатысты викториналық сауалдар қойылды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар берілді. Айта кетейік, биыл Қазақстанда жетінші рет "Ұлттық Домбыра күні" атап өтілді.