Үш қазақ биі референдум учаскесінде. Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би Шымкенттегі №101 референдум учаскесіне сенімді түрде кіріп келді. Ал мұндай көріністі күтпеген ел оларға таңырқана қарап қалды. Олардың бейнесі — даналықты, әділдікті және өз халқына адалдықты насихаттап тұрғандай.
Төлеби, Әйтеке мен Қазыбек бидің образы №101 референдум учаскесіне келген жұрттың назарын бірден аударды. Дауыс берушілерге үш бидің түр-сипаты бұл сәттің маңыздылығын және жауапкершілігін сезіндіргендей әсер қалдырды.
Билер референдум үстеліне жақындап, бюллетеньді құрметпен алып, мұқият қарап шықты. Олардың жанарында терең даналық көрініп тұр. Бүкіл халықтың тағдырын таңдап жатқандай. Бюллетеньді жәшікке тастар алдында «Әр таңдау — халықтың сөзі. Біз бұл сөзден бейбітшілік пен бірлікті елімізге әкелу үшін дауыс берейік» деп, елді бүгінгі науқанға белсене атсалысуға шақырды.
 Дәл осы референдум учаскесінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Дария Қажамжарова да дауыс берді.
 Айту керек, №101 референдум учаскесінде 1500-ден астам дауыс беруші тіркелген. Күннің алғашқы жартысында олардың 3/1-і өз таңдауын жасап үлгерді. Саяси науқанға қатысушылар тіпті, кішкентай балаларын жетектей келіпті. Ондағы мақсат – өскелең ұрпаққа осынау тағдыршешті кезеңнің маңызын ұғындыру. Дауыс беру кешкі сағат 20-00 ге дейін жалғасады. Бүгін Шымкентте қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетеді.