Қазақстанда ақылы жолдар көбейеді. Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетінін мәлімдеді.
 Ведомства басшысы бюджетке түсетін жүктемені азайтып, өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде "ақылы" статусын кезең-кезеңімен енгізу жалғасып жатқанын айтты. Қазір республика бойынша ұзындығы 3 мың 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. Көлік министрінің мәліметінше, былтыр ақылы жолдардан 48 млрд теңге пайда түскен. Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент-Қызылорда бағытында 447 шақырым, Шымкент-Тараз трассасында 90, Шымкент-Ташкент бағыты бойынша 84 шақырым ақылы жол бар.
МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ
 Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізіледі, олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылып жатыр, - дейді Марат Қарабаев Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.