Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Бұл жолы өңір басшысы Мақтаарал ауданына барды. Аймақты дамыту барысы туралы баяндағаннан кейін облыс әкімі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Әрмен қарай жеке қабылдауын өткізді.
Кездесуде облыс әкімі Мақтааралдың әлеуетін көтеру жұмыстары жанданатынын жеткізді. Ол үшін ауданның мүмкіндігі мол, деген Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығын дамытып, терең өңдеу саласын өркендету қажеттілігіне тоқталды. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, оларды көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек, – деді. Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Мақтаарал ауданындағы 13 елді мекенде құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 11 елді мекендегі 37 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Өркениет елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Мәдениет үйлерінің құрылысы басталып, орта мектеп күрделі жөндеуден өткен. Кездесуде тұрғындар өзекті мәселелерді қозғады. Инфрақұрылым, әлеуметтік салаға қатысты сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Одан кейін Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. Мақтааралдықтар кәсіпкерлік жүргізу үшін жер телімдерін заңдастыру, ауыз су, жол, жарықтандыру, аяқжол салу сынды түйіні тарқамаған мәселелерді көтерді.