Шорт тректен әлем біріншілігі басталды. Бейжіңдегі байрақты бәсекеге елден 10 спортшы аттанды. Ал, Рыбакина бастаған теннисшілер Билли Джин Кинг кубогінде ел намысын қорғайды.
Бейжіңдегі байрақты бәсекеге елден 10 спортшы аттанды. Нақтырақ айтсақ, ерлерден Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Глеб Ивченколар мұз айдынға шығады. Әйелдерден Яна Хан, Зейнеп Құмархан, Ольга Тихонова, Малика Ермек және Алина Әжіғалиева ел намысын қорғайды. Жерлестеріміз жекелей сында 500, 1000, 1500 метр қашықтыққа жарысады. Сондай-ақ ерлер 5000, әйелдер 3000 метр қашықтықтағы эстафетада жүлделерді сарапқа салады. Айта кетейік, әлем чемпионаты 1976 жылдан бері өтіп келеді. Ал Бейжің оны үшінші рет қабылдайды. Өткен жылы Роттердамда Денис Никиша 500 м қашықтықта күміс медаль алып, Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдені жеңіп алды. Бұған дейін жастар құрамасы бір күміс, үш қола медаль ғана иеленген болатын.
ТЕННИСШІЛЕР БИЛЛИ ДЖИН КИНГ КУБОГІНДЕ ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ
Елена Рыбакина бастаған теннисшілер Билли Джин Кинг кубогінде ел намысын қорғайды. Жерлестеріміз D тобында Австралия және Колумбия командаларымен сынға түседі. Матчтар Австралияның Брисбен қаласында өтеді. Құрамада Еленадан бөлек Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина, Жібек Құламбаева сынды ел үздіктері бар. Алты іріктеу тобының жеңімпаздары командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады. Оларға корт иелері Қытай мен 2024 жылғы әлем чемпионы Италия құрамасы қосылады. Әр топта екінші, үшінші орын алған құрамалар аймақтық топтық бәсекелердің үздік командаларымен бірге плей-офф кезеңінде бақ сынайды.