Хромтау қаласында өткен Қазақстан Республикасының XXXIII чемпионаты шымкенттік волейболшы қыздардың айқын жеңісімен аяқталды. Турнирге елдің түкпір-түкпірінен 7 команда қатысып, 5 тур бойы тартысты ойындар өткізді.
Жеңімпаздарды Шымкент теміржол вокзалында жанкүйерлер мен спорт саласының өкілдері ерекше қошеметпен қарсы алды. Бұл жеңіс шымкенттік волейболшылардың ел спортына қосқан зор үлесі болып табылады.
Шымкент командасы әр тур сайын шеберлігін дәлелдеп, қарсыластарын басып озды. Соңғы нәтижелер бойынша олар 10 ұпай айырмасымен ел чемпионы атанды. Күміс жүлде Хромтаудың «Әлия» командасына, қола жүлде Атырау командасына бұйырды.
ДИДАР ӘБДІҚАППАР, КОМАНДАНЫҢ БАС БАПКЕРІ
Бұл жеңіс біздің көп жылғы еңбегіміздің нәтижесі. Команданың әрбір мүшесі барын салды, жанкүйерлерге қолдаулары үшін алғысымыз шексіз.
Ойыншылар жекелеген номинацияларда да топ жарды. Евгения Калинова – «Ең үздік шабуылшы», Жұлдыз Кененбай – «Үздік байланыстырушы», ал Инна Яковлева турнирдің «Ең үздік ойыншысы» атанды.