Шымкентте еңбек қауіпсіздігі бойынша жыл басынан бері 137 заңбұзушылық анықталып, 6 өндірістік жазатайым оқиға тіркелген. Қаза болғандар жоқ. Жазатайым жағдайлардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс алаңдарында орын алған.


 Еңбек инспекциясы мекемелер мен компанияларда жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жауаптылар жыл басынан бері 107 нысанда 137 заңбұзушылық анықтаған. Нәтижесінде оның 23-іне айыппұл салынып, мемлекет қазынасына 3,7 миллион теңге өндірілді.


ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Департамент тарапынан жазатайым оқиғаларға үнемі мониторинг жүргізіліп, талдау жасалады. Олардың орын алу себептері анықталып, алдын алу бойынша тұрақты бақылау жүргізіледі. Есептік кезеңде Шымкент қаласы бойынша 6 жазатайым оқиға тіркелді. Барлығы ауыр дене жарақатымен аяқталған. Тиісті бұйрықтар шығарылып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Әрбір оқиға бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.


Сонымен қатар, жұмысшыларға жалақы төлемей келген кәсіпорындар да анықталған. Мәселен, 3 кәсіпорынның 15 қызметкерге 25,3 миллион теңге берешегі болған. Еңбек инспекциясының араласуымен бұл қаржы толық өндірілді.


ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгінде тоқсан қорытындысы бойынша Шымкент қаласында жалақы берешегі толық жойылды. Жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасында мұндай мәселе жоқ. Дегенмен, сот шешімімен банкрот деп танылған 2 кәсіпорында жалақы берешегі әлі өтелмеген. Атап айтқанда, «ФЕБ строй» серіктестігі 2 жұмыскерге 34 миллион теңге, ал «Шымкент құрылыс» серіктестігі 33 жұмыскерге 11 миллион теңге қарыз.


 Айта кетейік, инспекция мамандары тексеру барысында жұмыскерлердің арнайы киіммен, қорғаныш құралдарымен, қажетті жабдықтармен және техникалық құжаттармен қамтамасыз етілуін қадағалайды.