Шымкентте республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Бүгінде мегаполистегі 5 ауданның аумағындағы аулалар мен көшелер, ирригациялық жүйелер тазаланып, саябақтар мен ойын алаңшалары ретке келтірілді.

Тазалық акциясы жалпыға бірдей іс. Осылай деген ардагерлер көпке үлгі болып, экологиялық акцияға жастармен бірге білек сыбана кірісті.

 Бұл жолғы сенбілік Нұрсәт шағын ауданына орналасқан Астана саябағында жалғасты. Тазалық жұмысына ардагерлер, ерікті жастар мен әкімдік қызметкерлерінен бөлек тұрғындар да белсене қатысты. Соның арқасында аулалар мен көшелер әсем келбетке енді.

 Жалпы сәуір айының алғашқы күндерінен басталған тазалық жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Соның арқасында шаһардағы көптеген тұрғын үйдің ауласы сәндік ағаштармен және гүлмен көмкеріліп, жасыл желекті мекенге айналды.