Таза Қазақстан республикалық экологиялық акциясы өз мәресіне жақындап келеді. Науқанның соңғы күнінде Тұран ауданының тұрғындары мен әкімдік қызметкерлері, еріктілер, сондай-ақ, коммуналдық мекеме қызметкерлері Бадам өзенінің бойын күл-қоқыстан тазартып, демалушылар аймағын ретке келтірді. Толығырақ алдағы сюжетте.

Елу жылдан астам тарихы бар Бадам өзені жағалауы қаладағы көрікті демалыс аймағының бірі. Адам қарасы үзілмейтін орында бүгін санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, өзен бойындағы шөптер орылды. Ағаштар әктеліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері сырланды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарды артыруды көздеген науқан аясында әкімдік қызметкерлері қала тұрғындарын белсенді болуға шақырды. Айлық аясымен ғана шектелмейміз, деген олар әрмен қарайда тазалық жұмыстарының жалғасатынын жеткізді.

 Тұран ауданының аумағында 3 өзен бар. Олардың жағалаулары Таза Қазақстан экоакциясының «Мөлдір бұлақ» апталығында күл – қоқыстан тазартылып, демалушылар аймағы ретке келтірілген болатын. Сондай – ақ, ПМК және Шымкент каналдарының бойында санитарлық шаралар жүргізіліп, Айкөл көлінің апталықта басталған арна кеңейту жұмыстары жалғасуда. Айта кетейік, Бадам өзенінің жағасын бекіту, тереңдету, кеңейту жұмыстары да атқарылып жатыр.