Шымкенттегі ең ескі саябақтардың бірі – Орталық саябақ. Тарихы сонау 19 ғасырдан бастау алытын демалыс орында көпжылдық ағаштар мен гүлдер егілген. Оларды күтіп ұстауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясында бұл мекенде ұмыт қалмай, тазалық жұмыстары жүргізілді.
Серуендеуді ұнататын қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған Орталық саябақ, соңғы жылдары ұқыпты егілген көгалы мен гүл бақтары, сондай-ақ, күтілген аллеясымен бірден көзге түседі. Жасыл желекті күтіп ұстауға 15 тазалықшы бекітілген. Бүгін оларға көмекке өзге саябақтардан 30-ға жуық жұмысшы келіп жәрдем берді.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, апталық жұмысты бірер сағатта жасаған тазалықшылар, көгалдарды ретке келтіріп, гүл түптерін отап, ағаштарды әктеді. Сонымен қатар, саябақтағы ескерткіштер шаң-тозаңнан тазартылды.
Тарихы сонау 1886 жылдан бастау алатын демалыс орнында 19 ғ. аяғында - 20 ғ. басында отырғызылған ағаштар өсіп тұр. Бірнеше ұрпақтың сүйікті демалыс орнына айналған бұл мекенді шахмат ойнының орталығы десек, артық айтпағанымыз болар. Өйткені, әр мезгілде шахмат ойнап отырған жасы үлкендерді кездестіруге болады.