Қазақстанға тауық жұмыртқаларын сырттан әкелуге уақытша тыйым салынды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.  Қазақстан аумағына автомобиль көлігімен үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен тауық жұмыртқаларын әкелуге алты ай мерзімге шектеу қойылған.

 Шектеу «Қазақстан аумағына автомобиль арқылы  тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі бұйрығында көрсетілген. Айта кетейік, тыйым Қазақстан аумағы арқылы тауық жұмыртқаларының транзитін, сонымен қатар олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына Қазақстан арқылы өтуіне қатысты қолданылмайды. Тағамдық жұмыртқа импортына уақытша тыйым көктемгі-жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілді. Осы кезеңдерде жұмыртқаға сұраныстың төмендеуі байқалады, нарықтың қажеттіктері өнеркәсіптік өндіріс арқасында және үй шаруашылығы өнімдерінің нарықта белсенді болуымен толығымен жабылады. Бұл фактор құс фабрикаларының қызметіне теріс әсер етеді, жұмыртқа бағасы төмендейді, — делінген хабарламада. Бұйрық 2024 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енеді.