Шымкенттегі шайынды су жинақтаушы имаратының жанынан салынып жатқан қосымша құрылыс аяқталуға жақын. Бұйыртса, бірер айда іске қосылады деп көзделіп отырған нысан, кәріздік тазарту құрылғыларының  қуаттылығын тәулігіне тағы да 50 000 текше метрге дейін кеңейтпек. Құрылыс басына арнайы келген көрші елдің мамандары біздегі жаңашылдықтармен танысып, сарқынды судың иісін жою мақсатындағы әдіс-тәсілдерді өз елдерінде қолдануға ниет білдіріп отыр.

Қазіргі таңда,  тәуліктік қуаттылығы 150 мың м3  құрайтын  қолданыстағы кәріздік тазарту қондырғысы толыққанды  жұмыс істеуде. Алайда, тұтынушылар санының артуына байланысты қосымша құрылысты жүргізуге қажеттілік туындап, өткен жылдың қаңтарында жұмыс басталған болатын. Бұл нысан кәріздік тазарту құрылғыларының  қуаттылығын тәулігіне тағы да 50 000 текше метрге дейін кеңейтеді деп көзделіп отыр. Бүгінде жұмыстың 90 пайызы аяқталған.

 Шайынды су жинақтаушы имаратының жанынан салынып жатқан қосымша құрылыспен танысып шыққан көрші елдің  мамандары, нәжістен шығатын жағымсыз иісті жою мақсатындағы жұмыстарды бақылады. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында жауапты мекеме бірнеше елдің әдісін сынақтан өткізіп, соңында америкалық тәсілге тоқтаған болатын.

 Ташкенттен келген қонақтарды телескопиялық түсірілім барысы да қызықтырды. Сондай-ақ, кәріз құбырларын тазалау жағын да түртіп алған олар  біздегі әдіс-тәсілдерді өз елдерінде қолданатындарын жеткізді.  

 Осыдан 10 жыл бұрын қуаттылығын тәулігіне 100 000 м3 жаңартқан Шымкенттегі шайынды су жинақтаушы имараты, 2017 жылы биогаз өндіру арқылы қуаттылығын тәулігіне 150 мың м3 дейін кеңейткен. Бүгінгі таңда, «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда электр қуатын өндіру үшін ағынды сулардың тұнбаларын кешенді өңдеп биогазға айналдыратын жалғыз кәсіпорын болып табылады. Қосымша құрылыс іске қосылса, тағы да  50 000 текше метрге кеңейіп, 200 мың текше метрді құрамақ.