Түркістандағы TURAN арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінің» қазығы қағылды. Жоба толық аяқталғанда мақта шаруашылығын жаңа деңгейде шығарылады. Яғни көпасалалы кешен ақ алтынды терең өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығарады. Бұған қоса 2 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.
Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Облыста мақта-тоқыма кластерін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірде «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген. Оған сәйкес 4 бағытта, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделген. Нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік жойылмақ.
Келер жылы жүзеге асатын жаңа жобаның құны 146,8 млрд теңгені құрайды. Толық циклді тоқыма фабрикасының құрамында жіп иіретін, мата шығаратын, бояп, өңдейтін 11 цех салынады. Жоспар бойынша жылына 13000 тонна иірілген жіп, үйге арналған 50 миллион метр тоқыма бұйымдарын, 7 миллион төсек-орын жиынтығын шығарады. Өндіріс орнының қуаттылығы жыл сайын артып отырады.
Облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Өңірде егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде. Осы мақсатта Қытай тәжірибесі негізінде биыл Арыс қаласы және Жетісай, Сауран, Ордабасы аудандарында 2,5 гектар алқапқа элиталы сортты мақта егілді. Бұл технология суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Шаруалардың айтуынша, нәтижесі таңғаларлықтай.