ТУРИСТЕР САНЫ АРТТЫ
Шымкентке келген қонақ енді қаланың тарихи орындарын аралау үшін қосымша ақпарат іздеп сабылмайды. Шаһарда туристерге бағыт-бағдар беретін QR-жүйесі мен жасанды интеллект құрастырған онлайн-гид жобасы жүзеге асып жатыр. Мамандар бұл жаңашылдық келушілер үшін қолайлы екенін айтады.
Елімізде туризм саласы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Соңғы екі жылда бұл секторға 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. 2023 жылы 787,3 млрд теңгені құраған көрсеткіш 2025 жылы 1,25 трлн теңгеге жетті. Ал жылдық өсім – 32,6 пайыз. Инфрақұрылымның жақсаруы саяхатшылар ағынын да еселеп арттырды. Өткен жылы Қазақстанға 15,7 миллион шетел азаматы келген. Жаңашылдыққа жасанды интеллект те сеп болып отыр. Шымқалаға табан тіреген туристерді сандық технология сүйемелдеп, саяхатты қызықты етеді.
БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ, ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім байқалады. Орналастыру орындары 11 пайызға, бөлме саны 19,4 пайызға, төсек-орын саны 26 пайызға өскен. Келген туристер саны 8,3 пайызға артты.
Бүгінде қала тарихына қызығушылық танытындар көп. Іргелес елдерді былай қойғанда, мегаполиске мұхит асып келетін саяхатшылардың көбеюі – Шымкенттің жаһандық туризм картасындағы салмағын айқындай түседі. Мәселен, Америка елінен келген шетелдік қонақ қала орталығында орналасқан көне бекіністерді көргенде таңданысын жасыра алмады.
МЕЙСОН МУР, ТУРИСТ
Бұл - менің Шымкентке алғаш рет келуім. Қайнаған қаланың қақ ортасында осындай алып тарихи бекіністің сақталғанына таңғалып тұрмын. Өткен ғасырларға саяхат жасағандай күйдемін. Қазақ халқының қолөнері, ежелгі тарихи орындары мен ерекше қонақжайлылығы мені тәнті етті. Бұл жердің энергетикасы өзгеше екен.
Бүгінде көне шаһардың тарихи орындары мен сәулетті нысандарына арнайы QR-кодтар орнатылған. Келушілер смартфон камерасын бағыттау арқылы аудиогидтерді қосып, тарихи деректермен таныса алады. Сандық навигация арқылы туристер шаһарды адаспай шарлап, өзіне қажеттіні лезде таба алады.
БЕРІК ДОСАЛИЕВ, ТУРИСТІК ГИД
Биыл қалаға 60-70 мемлекеттен турист келді десем, қателеспеймін.Шымкентке келетіндердің бәрі гид қызметіне жүгінбейді.Өз бетінше келетіндер бар.Олар кюар кодты басып, кез-келген ақпаратты ала береді.
Тарихи орындармен қатар, еліміздің табиғи маржандары да келушілерді өзіне баурап алады. Соның бірі – Іле Алатауының қақ ортасында орналасқан Көкжайлау шатқалы. Теңіз деңгейінен 2250 метр биіктікте жатқан бұл мекен – туристерді әсем көрінісімен таңғалдырады. Жылдың төрт мезгілінде де көрікті қалпын жоғалтпайтын Көкжайлау – жаяу серуенді ұнататындар үшін таптырмас мекен. Алдағы уақытта бұл орын демалыс аймағына айналса, өңірге келетін туристер санын еселеп арттырады.