Негізгі Жаңалықтар СОФЬЯ БЕРУЛЬЦЕВА – АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ

СОФЬЯ БЕРУЛЬЦЕВА – АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ

Шымкенттік каратеші Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Жапонияның Нагоя қаласында өткен додада Софья Берульцева қарсылас шақ келтірмей, чемпиондық атағын қорғады. Жанкүйерлер жеңімпазды арнайы күтіп алып, қошемет көрсетті.

Софья Азияның үздік каратешілерімен күш сынасты. Алдымен Сауд Арабиясының спортшысын жеңіп, жартылай финалда Непалдан келген қарсыласын ұтты. Ал финалда Тайланд өкілі Маневан Бутцуванды 8:0 есебімен жеңіп, алтын медальға қол жеткізді. Каратеші бұған дейін де ірі додаларда жоғары нәтиже көрсеткен. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, Азия ойындарында чемпион болған. Ендігі меже – әлем чемпионаты.

СОФЬЯ БЕРУЛЬЦЕВА, КАРАТЕ WKF, АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ
 – «Азия чемпионаты бар. Премьер-лига жарыстары бар. Бірақ бір ғана атақ қалды. Ересектер арасында әлем чемпионы атану. Соған бар күшімді саламын.»

 Азия ойындары Қазақстан құрамасы үшін сәтті өтті. Ел намысын қорғаған 6 спортшының бесеуі жүлдеге ілігіп, Әнұран екі рет шырқалды. Қоржында бұдан бөлек бір күміс пен екі қола медаль бар.

 БАҚТИЯР ТОҚСЕЙІТОВ, КАРАТЕ WKF, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ АҒА БАПКЕРІ
 – «Бүкіл фавориттер Софьямен кездесті. Мысалы, араб қызын алайық. Біздің спортшы 5:1 есебімен жеңіліп жатып, 6:9 есебімен жеңіп кетті.»

Ел мақтанышын жанкүйерлер арнайы күтіп алып, ерекше құрмет көрсетті. Қала әкімдігі атынан алғыс айтылып, спортшыға жылы лебіздер жеткізілді.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «2020 жылы Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Бұл – ерен еңбектің жемісі.»

Жанкүйерлер Азия чемпионымен естелікке суретке түсіп, жылы лебіздерін білдірді. Алда өтетін халықаралық додаларда сәттілік тілеп, спортшыға сенім білдірді.


Бөлісу