ҚАРЖЫ ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕ АРҚЫЛЫ ҚАДАҒАЛАНАДЫ
Елімізде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесі цифрлық форматқа көшеді. Бұған дейін қазынадан бөлінген қаражаттың қайда және қалай жұмсалғанын қағаз жүзінде қадағалау қиынға соғатын. Бұл түйткілді шешу үшін Министрлік басқару жүйесін түбегейлі өзгертуге кірісті. Бүгін Шымкентке жұмыс сапарымен келген Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, халықпен кездесу өткізді.
ЛАЙФ АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Жылдар бойы бюджеттен бөлінген миллиардтаған теңгенің қалай жұмсалып жатқаны қағаз жүзінде қалып келді. Енді бұл бағытта цифрлық технологиялар қолданылады. Қаржы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларынан бастап білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік мүлік пен бюджет төлемдеріне дейінгі үдерістерді цифрландыруды қолға алды. Әуелі өзгеріс кәсіп саласынан басталды. «Baqylauda» деп аталатын жаңа жүйеге мемлекеттік қолдаудың 150 шарасы енгізілді. Қолданба кәсіпкер туралы ақпаратты жинақтап, талапқа сай екенін тексеріп, мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне мониторинг жүргізеді.Кездесуде вице-министр тұрғындардың толғандырған сауалдарына жауап берді.
ДӘУРЕН ТЕМІРБЕКОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Бізде екі жүйе қарастырылған. Біріншісі-осы жүйе.Екіншісі-операторлардың жүйесі.Бірақ, біз «Baqylauda» жүйесі арқылы барлық мәліметті тексереміз, субсидия, мемлекеттік қолдау шаралары біздің мақұлданғаннан кейін ғана оған рұқсат берілетін болады.
Ашықтықтың жоқтығы, әсіресе, әлеуметтік ортада айқын сезіле бастады. Білім беру саласында іске қосылған «OrtaBilim» жүйесі бірқатар бармақ басты, көз қысты әрекеттерді әшкереледі. Бұған дейін елдегі 126 жекеменшік мектеп оқу процесіне мүлде сай келмейтін ғимараттарда білім алып келген. Енді ондай олқылыққа орын жоқ. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай білім ошақтарын қаржыландыру толығымен тоқтатылады. Ал жаңа технологияның көмегімен бір жыл ішінде салаға бөлінген 8 миллиард теңге үнемделді.Жиында «Цифрлық теңге» жобасының артықшылықтары жайлы да айтылды.
ДӘУРЕН ТЕМІРБЕКОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
1,5 млрд теңгенің жобаларын біз «Цифрлық теңге» арқылы қаржыландыратын боламыз.Тапсырыс беруші мен мердігер компания өкілдерін, ақша қаражатының қалай жүргізілгенін анықтау біздің басты мақсатымыз.
Ал денсаулық сақтау саласында «Qalqan» бірыңғай порталы іске қосылды. Қазіргі таңда бұл жүйеге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылатын 1 767 медициналық ұйым тіркелді. Мемлекеттік мүлікті басқару саласында да оң өзгерістер бар. Енді елде ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу электронды конкурсқа көшіп, активтерді бақылау үшін BIG DATA мен ғарыштық мониторинг технологиялары қолданылады.