255-ШІ БҮЙРЕК ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ ЖАСАЛДЫ
Қалалық №1 клиникалық ауруханасында бүйрек трансплантациясының 255-ші отасы сәтті жасалды. Созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған науқасқа туыстық донордың бүйрегі жоспарлы түрде ауыстырылды.
Пациент бірнеше жылдан бері созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұрып, гемодиализ қабылдап келген. Дәрігерлердің айтуынша, сырқат тубулоинтерстициалды нефриттің салдарынан дамыған. Ота алдында донор мен реципиент қажетті медициналық тексерулерден өтіп, заңнамаға сәйкес барлық келісім рәсімделген. Трансплантация сәтті аяқталып, науқас пен донор қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Қазір олардың жағдайы тұрақты. Дәрігерлер реципиентте жаңа бүйректің қызметі қалыпқа келе бастағанын айтады. Мамандар операциядан кейінгі емдеу мен бақылау жұмыстары бекітілген медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Шымкенттік дәрігерлер жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытып, ағза трансплантациясы бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.