Негізгі Жаңалықтар «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: КӨШЕЛЕР МЕН АУЛАЛАР ЖАҢАРУДА

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: КӨШЕЛЕР МЕН АУЛАЛАР ЖАҢАРУДА

Мегаполистегі адам көп жүретін жаяу жүргіншілер жолдарына сәндік аркалар орнатылып, демалыс орындарының қатары артып келеді. Сонымен қатар әр ауданда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында гүлзарлар салынуда. Қала билігі орталық көшелермен қатар шалғай елді мекендерді де назардан тыс қалдырмаған. Бүгінде абаттандыру жұмыстары шаһардың барлық ауданында қарқынды жүргізілуде. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары жаңаша келбетке ие болып жатыр.

Қаланың дамуы тек биік ғимараттармен өлшенбейді. Ең бастысы – тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасау. Қазіргі таңда қала тұрғындарының еркін серуендеп, тынығуына барлық мүмкіндік қарастырылуда.

 НАТАЛЬЯ ПЕНЬЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бізге жаңа ойын алаңшасы салынды. Көліктерге арналған автотұрақ пен айналма жол да жасалды. Қазір біздің аула қаладағы ең көрікті аулалардың біріне айналды. Мұнда тұрғындардың демалуына барлық жағдай қарастырылған.

 ВАЛЕНТИНА ЧЕРЕМИХИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұрын біздің аула әдемі емес еді. Мұнда ескі темір әткеншектер ғана болатын. Балалардың ойнауына да қолайсыз болды. Қазір балалар алаңшасы, тренажерлар мен жүгіру жолы салынды. Аула толық көгалдандырылып, жасыл желекке бөленді.

Қала билігі орталық көшелерді ғана емес, шеткі аумақтардағы елді мекендер мен тұрғын алаптарды да бірыңғай инфрақұрылымдық жүйеге қосуды көздейді. Мәселен, Еңбекші ауданында абаттандыру жұмыстары бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 42 жобаны іске асыру жоспарланған.

МАРЛАН ЖОЛДАХМЕТ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Биыл 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 5 жоба бойынша гүлзар салу, 35 жоба аясында балалар және спорт алаңшаларын орнату, сондай-ақ екі жоба бойынша 8,4 шақырым аяқжол салу көзделген. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша үнемделген қаражат есебінен тағы 4 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның қатарында Бадам өзенінің жағалауын 5 шақырымға абаттандыру және Сайрам мен Уәлиханов көшелерінің қиылысын көркейту жұмыстары бар.

Шымкенттің бүгінгі тынысы қарқынды дамып келе жатқан мегаполистің келбетін айқын көрсетеді. Ал шаһар тазалығы әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қаладағы 5 ауданда тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Оған еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысып, ортақ іске өз үлесін қосып келеді.

Бөлісу