Негізгі Жаңалықтар ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛДІ

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛДІ

Қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан шетелдік студенттер Түркістанға келді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ұлыбританияның Оксфорд университеті студенттеріне арналған екі апталық қазақ тілі бағдарламасы басталды. Жоба екі оқу орны арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асуда.

 Бұл – Ұлыбританияның білім беру бағдарламаларына қазақ тілін енгізуге бағытталған Oxford Birsöz жобасының практикалық жалғасы. Идея туралы алғаш рет 2024 жылғы 2 қарашада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтқан болатын. Бүгінде бастама нақты жобаға айналып, Оксфорд студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға арнайы келді.

 ЭНДРЮ АТАЛЬЕ, СТУДЕНТ
Университетте орыс тілін оқыдым. Бір жыл Алматыда болдым. Бірақ сол кездің өзінде бір нәрсенің жетіспейтінін сезіндім. Орыс тілін білемін, алайда бұл жерді шын мәнінде түсініп, толық сезіну үшін қазақ тілін де білуім керек деп ойладым. Сондықтан Алматыда жүрген кезімде қазақ тілін үйрене бастадым. Кейін Оксфордта қазақ тілі бойынша бағдарлама ашылған кезде, оқуымды сол жерде жалғастырдым.

Екі апта ішінде студенттер қазақ тілінің негізгі грамматикалық құрылымдары мен сөздік қорын меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста сөйлеуге машықтанады. Сабақты Ахмет Ясауи университетінің профессор-оқытушылары заманауи әдістемелер негізінде жүргізеді.

РОРИ КРОНИН, СТУДЕНТ
Түркістан сұлулығы көз тартар ғажайып қала. Оның тереңде жатқан бай тарихы мен қатар бүгінде заманауй көркейген. Жаңадан бой көтерген зәулім сарайлары мен туцризм аймағы адамды еліктірмей қоймайды.

 Бағдарламаның оқу-әдістемелік мазмұнын әзірлеуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары да атсалысты. Мамандар шетелдік студенттерге қазақ тілін деңгейлік негізде меңгертуге арналған әдістемелік және лингводидактикалық тәсілдерді ұсынды. Халықаралық жобаның жүзеге асуына «Болашақ» бағдарламасының түлектері де үлес қосып отыр. Олардың Оксфорд университетімен жолға қойған академиялық байланыстары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына мүмкіндік берді.


Бөлісу