9 ЕЛДІҢ ОНКОЛОГ ДӘРІГЕРЛЕРІ ШЫМКЕНТТЕ 15 ОТА ЖАСАЙДЫ
Шымкентте онкология саласының үздік мамандары бас қосты. Шаһарда «Қатты ісіктерді емдеудегі біріктірілген терапияның мүмкіндіктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық шеберлік сағаты өтуде. Ауқымды іс-шараға әлемнің 9 елінен келген білікті онколог дәрігерлер қатысуда.
Дәрігерлер Шымкентте екі күндік шеберлік сағатын бастап кетті. Осы уақыт ішінде онколог-хирургтар 15-ке жуық күрделі ота жасауды жоспарлап отыр. Бұл жолы ақ халаттылар емдеудің озық тәсілдерін ұштастырмақ. Олар инвазивті хирургия мен дәстүрлі емді қатар қолданып, операцияны барынша қауіпсіз әрі тиімді өткізуді көздейді. Шеберлік сағаты қатерлі ісікпен күресіп жүрген азаматтарға заманауи, жоғары технологиялық медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
БАТ-ИРЭЭДУЙ ПУРЭВБААТАР, МОНҒОЛ-ЖАПОН ГОСПИТАЛІНІҢ ИНТЕРВЕНЦИЯЛЫҚ РАДИОЛОГ-КОНСУЛЬТАНТЫ /МОНҒОЛИЯ/
Шымкент қаласына осымен бесінші рет келіп отырмын. Бұл жолғы іссапарымыздың да басты мақсаты – отандық және шетелдік онкохирургтармен өзара тәжірибе алмасу. Іс-шара аясында әріптестерімізбен бірге халықаралық конгресс өткізіп, бірнеше күрделі операция жасауды жоспарлап отырмыз. Жиын барысында бауыр мен бүйректің қатерлі ісіктерін заманауи әдістермен емдеу жолдары, олардың алдын алу шаралары және онкология саласындағы өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланады.
Халықаралық шеберлік сағатына Ресей, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Өзбекстан мен Қырғызстанның жетекші онкологтары қатысты. Олардың қатарында Санкт-Петербургтегі Н.Н. Петров атындағы орталықтың хирургтары, Сеулден келген радиологтар мен Ұлан-Батордағы университеттік клиника директоры бар. Франция мен Австралияның жетекші онкологтары іс-шараға онлайн форматта қосылды.
ПАВЕЛ БАЛАХНИН, Н.Н. ПЕТРОВ АТЫНДАҒЫ ОНКОЛОГИЯ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ РЕНТГЕНХИРУРГИЯЛЫҚ ДИАГНОСТИКА ЖӘНЕ ЕМДЕУ ӘДІСТЕРІ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ /РЕСЕЙ/
Бұл жерде өте маңызды тақырып көтеріліп отыр. Конференцияда қатерлі ісіктерді түбегейлі емдеудің жаңа технологияларын дамыту мәселесі қарастырылуда. Оның бірі – тері арқылы абляция жасау әдісі. Бұл – салыстырмалы түрде жаңа бағыт. Біз осында түрлі қатерлі ісіктерді емдеу тәжірибесімен бөлісу үшін жиналып отырмыз. Ең алдымен бүйрек пен бауыр обырын, сондай-ақ қалқанша безінің қатерлі ісіктерін емдеу және алдын алу мәселелері қарастырылады. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, Ресей мен Моңғолия үшін де маңызды оқиға. Шымкент онкологиялық орталығының әкімшілігіне осы шараны өткізуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдіреміз.
Елімізде 253 мың онкологиялық науқас тіркелген. Оның 10 мыңға жуығы – Шымкент тұрғындары. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жартысына жуығына ота жасау қажет.
ТАЛҒАТ ҚҰРМАНОВ, ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАР ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жыл сайын еліміз бойынша 17-18 мың науқас бізде тіркеуге алынады. Қазір соңғы тоғыз айдың ішінде Шымкент бойынша 890 науқасты тіркеуге алдық. Бізде онкоскринингтің үш түрі бар. Олар – колоректалдық обыр, жатыр мойны обыры және сүт безі обыры бойынша скрининг. Қазір өзіміз «Онко Check-up» жүйесін енгізіп жатырмыз. Халқымыз шетелге бармай-ақ, осы тексерулердің барлығынан өз елімізде өте алады. Статистика бойынша, науқастардың 2-5 пайызы аурудың төртінші сатысында болған кезде қайтыс болады.
Іс-шара қолданыстағы хирургиялық әдістерді жетілдіріп қана қоймай, соңғы технологияларды жергілікті мамандардың күнделікті тәжірибесіне енгізуге бағытталған. Жаңа тәсілдер онкологиялық науқастарды емдеу тиімділігін арттырып, олардың тезірек сауығуына мүмкіндік бермек.