ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ ТҰҒЫРЫ
Елде ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Жастар тұрмыстық өмірдің қыры мен сырын білмей жатып, отау құруға асығады. Ал мұның соңы ажырасумен аяқталады. Қоғамдағы бұл мәселені бір жолға қою үшін қаладағы оқу орындарында түрлі тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Бүгін «Жанұя жарасымы» отбасыға кеңес беру орталығының басшысы Асылбек Әуесханұлы студенттермен кездесіп, тақырыпты тереңінен қаузады.
Отан – отбасынан басталады. Жанұя жарасымын сақтау үшін қос тарап үнемі білімін жетілдіріп, жауапкершіліктің салмағын сезінуі тиіс. Сезімге еріп, асығыс шешім қабылдаудың соңы өкінішке ұласуы мүмкін,-дейді мамандар.
АСЫЛБЕК ӘУЕСХАНҰЛЫ, «ЖАНҰЯ ЖАРАСЫМЫ» ОТБАСЫҒА КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазір дайындықсыз жанұя құрып жатқандар бар.Үйленбей тұрып дайындық жасау керек.Кемінде екі ай өзін дайындамай, үш-төрт кітап оқымай, арнайы ақпараттарды біліп алмай, үйленіп кетсе ол дұрыс болмайды.
Жиында білім алушылар толғандырған сауалдарын қойып, қоғамдағы түйткілді жайттарды қозғады.Отбасылық эксперт қатысушыларға тәжірибелік тапсырмалар беріп, ой-пікірін сұрады.
АСЫЛБЕК ШЫНАЛИЕВ, АЙМАҚТЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК-ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Біз отбасы жайлы, отбасының қадір-қасиеті жайлы әр дәрісте үйретеміз. Себебі, отбасына мейірімі түспейтін адамдар көп қой. Соларға тапсырма береміз. Мейірім жоқ жерде, отбасылық рухани байлық жоқ жерде білім қонбайды.
Отбасы күніне орай өткен бұл іс-шараның маңызы зор. Оқытушылар оқу орнында мұндай басқосулар жиі ұйымдастырылатынын айтады. Психологтар бұл тақырыптар жайын студенттердің құлағына құйып, санасына сіңіріп келеді.