ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УРОЛОГИЯЛЫҚ ФОРУМ БАСТАЛДЫ
Өңір урологтарының біліктілігі артуда. «Оңтүстік уроандрологиялық форумы» V халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Урология және уроандрология саласындағы жетекші мамандардың басын қосқан форум жедел урологияның өзекті мәселелеріне арналды. Мұнда несеп-жыныс жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері таныстырылып, инновациялық медициналық технологиялар бойынша шеберлік сағаттары өтуде.
Форум тек хирургиялық технологияларды таныстырумен шектелмейді. Мұнда дәрігерлер өз тәжірибесін ортаға салып, бір-бірінен үйренуге мүмкіндік алып отыр.
МЫРЗА АЛЧИНБАЕВ, ҚР БАС УРОЛОГЫ
Өзінің ойын өзінің деңгкейін көрсетеді. «Бұл — біржақты тәжірибе алмасу емес. Олар бізге өздерінің жаңа әдістерін көрсетеді, біз де өзіміздің жасап жатқан жұмыстарымызды көрсетеміз. Бір-бірімізден үйрену арқылы урологияның дамуына бірге үлес қосамыз».
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының урология бөлімінде практикалық мастер-кластар ұйымдастырылды. Мамандар лапароскопиялық реконструкциялық-пластикалық операциялар, қуық асты безі ауруларын емдеудегі лазерлік энуклеация және мини-перкутандық нефролитотрипсия әдістерін тәжірибелік тұрғыда көрсетті. Солардың бірі - қуықасты безі аденомасын лазерлік жолмен емдеу операциясы.
АНДРЕЙ РОМАНОВ, ДӘРІГЕР-УРОЛОГ (МӘСКЕУ)
Бүгін біз заманауи гольмий лазерлік жүйесін пайдаланып, қуықасты безі аденомасына лазерлік энуклеация операцияларын жасаймыз. Басты мақсатымыз - өз тәжірибемізбен бөлісу, операцияны қалай дұрыс әрі қауіпсіз орындауға болатынын көрсету. Ең маңыздысы - пациенттің операциядан кейін тез қалпына келуі.
Мамандардың пікірінше, мұндай халықаралық деңгейдегі басқосулар өңір медицинасының дамуына серпін береді. Себебі тәжірибелі дәрігерлердің өзара тәжірибе алмасуы жаңа технологияларды енгізуге және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Түркістанда басталған урологиялық форум ертең ғылыми конференциямен жалғасады. Онда сала мамандары урологияның бүгінгі мәселелері мен болашағын талқыламақ.