КИБЕРМӘДЕНИЕТ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ
Күмәнді сілтемені ашпау, бейтаныс адамға құпиясөзді айтпау – интернеттегі қауіпсіздіктің қарапайым қағидалары. Алаяқтардың айласы күн сайын жаңарып келеді. Сондықтан киберқауіптен қорғану дағдысын бала кезден қалыптастыру маңызды. Осы мақсатта «Кибермәдениет айы» аясындағы түсіндіру жұмыстары мектептерде жалғасуда.
Мегаполистегі мектептерде оқушыларға интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтану жолдары түсіндірілді. Әсіресе желіні белсенді қолданатын жасөспірімдердің кибералаяқтардың арбауына түспеуіне басымдық берілді.
ЕРНҰР ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Басты мақсатымыз – студенттер мен оқушыларға киберсауаттылықты түсіндіру. Алаяқтықтың алдын алу бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз.
Өткен жылы қалада алаяқтық бойынша 562 қылмыстық іс тіркеліп, оның 157-сі ашылған. Ал жыл басынан бері интернет арқылы жасалған 363 қылмыс анықталған. Кездесуде әлеуметтік желідегі жауапкершілік, дербес деректерді қорғау және жарияланымдар мен репосттардың құқықтық салдары да түсіндірілді.
БАҚЫТЖАН БЕКБАЕВ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Оқушылар арасында интернет алаяқтыққа тап болмау үшін іс-шара жүргізіп жатырмыз. Дроперлер, инвестиция бойынша, WhatsApp бұзу бойынша түсіндіреміз.
Оқушыларға дроперлік, жалған инвестиция, аккаунт бұзу секілді киберқауіптердің түрлері таныстырылды. Сонымен қатар алаяқтардың әрекетін ерте анықтау және жеке деректерді қорғау бойынша практикалық кеңестер берілді.
МӨЛДІР ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ОҚУШЫ
Мен алаяқтық қылмыстың көп екенін, оның тәсілдері дамып кеткенін түсініп отырмын.
АРАЙЛЫМ ИБРАГИМ, ОҚУШЫ
Мысалы, бізде үлкен кісілер желіні қалай қолдану керектігін білмейді. Соның салдарынан есепшоттары бұғатталып жатады. Жиында бәрі түсіндірілді.
Жиында кибербуллинг мәселесіне де назар аударылды. Мамандар интернеттегі қорлау мен қысымның алдын алу жолдарын түсіндірді.
ЖАҢЫЛША ЖАБИШЕВА, №89 IT МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Кибербуллинг – бұл интернет арқылы адамдарды қорлау. Бұл мәселемен тек мектеп жасындағы оқушылар ғана емес, ересектер де кездесіп жатады.
«Кибермәдениет айы» аясындағы шараларға мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері де қатысуда. Негізгі мақсат – оқушыдан бастап ересекке дейін цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.