Негізгі Жаңалықтар 80 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

80 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында жыл басынан бері 80 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды.


Биыл өңірде «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 74 516 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде Ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар шеңберінде, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы бойынша, субсидияланатын жұмыс орындары есебінен және мемлекеттік гранттар арқылы жұмыс орнын қамту көзделген. Аппарат отырысында жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы нақты нәтижелер мен өзекті мәселелер тоқталды.


МЕКЕНХАН ҚОЗЫХАНҰЛЫ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 8 айда 79 069 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, Президент бекіткен ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар аясында 286 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 2 465 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Есепті кезеңде 250 жоба іске асырылып, 2 305 жұмыс орны құрылды. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында 19 878 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 35 004 адам тұрақты жұмыс орындарына, 21 175 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында 727 азаматқа мемлекеттік грант берілді.


Сонымен қатар облыста 40 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсыну жоспарланған. Ал, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жоспарлы көрсеткіштерді толық қамтамасыз ету, әсіресе жастарды жұмыспен қамту, инвестициялық жобалар аясында жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша тиісті тапсырмалар берді.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жұмыспен қамту саласы бойынша 2026 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Қосымша инвестициялар тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар керек. Осы мәселе бойынша анализ жасаңыздар.


Бөлісу