«КРЕАТИВТІ БЕЙСЕНБІ»
Шымкенттегі «Creative Hub» орталығында шығармашыл жастардың басын қосатын жаңа жоба басталды. Енді мұнда әр бейсенбі сайын «Креативті бейсенбі» ұйымдастырылады. Кездесуде тұрғындар мен қала қонақтары өнердің түрлі бағыттарын меңгеріп, танымал шеберлерден тәжірибе жинайды. Қатысушылар керамика жасап, тігін өнерін үйреніп, шығармашылық қабілетін шыңдай алады.
«Креативті бейсенбінің» алғашқы күнінде келушілер шеберлік сабақтарына қатысты. Бірі саз балшықтан құмыра илеп, керамика өнерін меңгерсе, енді бірі тігіннің қыр-сырын үйреніп, өз қолымен бұйым әзірледі. Мұнда әр қатысушы өз қиялына ерік беріп, жаңа өнер түрін байқап көрді.
САРА АҚБЕРДІҚЫЗЫ, ОҚУШЫ
Кішкентай кезімнен бері суретке, керамикаға қызыққанмын. Бұл жақта керамика, свеча істеуге болады. Суретке үйретеді. Апай өте жақсы үйретеді бұл жақта. Тігуге әр-бірнәрсе істеуге болады.
ИНДИРА ЮМУТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгін мен мұнда қызыммен бірге келіп отырмын. Инстаграмнан әр бейсенбіде осындай шығармашылық ашық мастер-кластар өтеді деген пост көрдім. Содан қызымды ертіп келуге ұйғардым. Себебі өзім де шығармашыл адаммын, киім дизайнерімін. Шымкентте шығармашылық қырды шыңдауға арналған осындай орталықтың бар екені қуантады. Әсіресе жастар үшін бұл өте керек.
«Creative Hub» – шығармашыл жастар, қолөнершілер, дизайнерлер мен IT мамандарын біріктіретін заманауи арт-кеңістік. Мұнда креативті индустрия өкілдері өз жобаларын жүзеге асырып, оны коммерцияландыруға мүмкіндік алады. Ал «Креативті бейсенбіде» келушілер қолөнермен айналысып қана қоймай, кітап оқып, жаңа идеялармен бөлісе алады.
ДАНА ТҮЛЕСОВА, «ДАНА» КІТАПТАР ДҮКЕНІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Бұл жерде біз оқушылармен аптасына екі рет кездесіп, кітап оқимыз және талдаймыз. Балалар үйде оқып келеді, осында бірге талқылаймыз. Біздің мақсатымыз – балаларды кітап оқуға баулу, кітап туралы түсіндіру, жанрлармен таныстыру. Ең бастысы, кітап оқуды олардың өміріне әдет ретінде енгізу.
Шығармашылықпен айналысып, уақытын пайдалы өткізгісі келетін тұрғындар үшін «Креативті бейсенбі» әр апта сайын ұйымдастырылады. Мұнда әркім өзіне ұнайтын бағытты таңдап, жаңа өнерді меңгере алады.