Негізгі Жаңалықтар «ЖУРНАЛИСТ ЖҮРЕГІ» – ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ

«ЖУРНАЛИСТ ЖҮРЕГІ» – ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ

Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, ұстаз Байдулла Қонысбектің 85 жылдығы Түркістанда ұлықталды. Мерейтойға орай қаламгердің әріптестері мен шәкірттері бас қосып, «Журналист жүрегі» атты жинақтың тұсауын кесті. Кітапта ардагер журналистің өнегелі жолы мен шығармашылығы туралы естеліктер топтастырылған.


 Іс-шара «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды. Жинақ «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен, Бәйдібек ауданы әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен жарық көрген. 1000 данамен басылған кітапқа журналистің әріптестері, шәкірттері мен замандастарының естеліктері, мақалалары мен сұхбаттары енгізілген. Мерейтой аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, Байдулла Қонысбектің өмірі мен шығармашылығына арналған «Аңыз адам» бейнефильмі көрсетілді. Сондай-ақ «Оңтүстік» телеарнасының ұжымы мерейтой иесінің құрметіне бірқатар жобаны жүзеге асыратынын жеткізді.


Байдулла Қонысбек – Оңтүстік журналистикасының қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан қаламгер, білікті ұстаз. Оның еңбек жолы мен шәкірт тәрбиелеудегі өнегесі бүгінгі буынға да үлгі. «Журналист жүрегі» жинағы – ардагер журналистің кәсіби жолын дәріптеп, ұстазға деген шәкірт ықыласын жеткізетін тағылымды еңбек. Жинақ Түркістан облысы мен Шымкент қаласының кітапханаларына және журналистерге табысталады.



Бөлісу