КИБЕРГИГИЕНА – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ
Интернет – күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн төлем, әлеуметтік желі, мемлекеттік қызметтердің барлығы дерлік цифрлық форматта қолжетімді. Алайда технология дамыған сайын киберқауіп те күшейіп келеді. Осыған байланысты Шымкентте тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Кибералаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, жеке мәліметтерін иемденудің түрлі тәсілін қолданады. Банк картасының деректері, SMS арқылы келген кодтар мен құпия сөздерді сұрау - алаяқтардың жиі қолданатын әдістерінің бірі. «Кибермәдениет айы» аясындағы түсіндіру жұмыстары жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде де ұйымдастырылуда. Бұл жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
ЕРНҰР ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жастар арасында дроперлік көбейіп жатыр, қылмыстық істер де артып келеді. Соның алдын алу мақсатында қала аумағында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңсыз әрекеттерге жол бермеу бойынша іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, ақпараттық қауіпсіздікке жауапкершілік әр азаматтан басталады. Цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және бейтаныс адамдарға құпия ақпаратты бермеу – киберқауіптің алдын алудың негізгі жолдары.
ЕРДӘУЛЕТ ҚАНАТҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Біздің статистикада 18 бен 23 жас аралығындағы жастар арасында мұндай жағдайлар өте көп кездесетін. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш азайып жатыр.
Киберқауіпсіздік саласындағы түсіндіру жұмыстарына білім беру ұйымдарының өкілдері де атсалысуда. Мамандардың пікірінше, цифрлық ортадағы қауіпсіздікке күнделікті өмірдегі жеке заттарға жауапкершілікпен қарағандай мән берген жөн.
ЖОЛДАС БУРИБАЕВ, М.ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ БОЙЫНША ПРОРЕКТОРЫ
Киберқауіпсіздік деген сөз – бірінші кезекте әр адамның өзінің ақпаратын дұрыс қорғауы деп айтсақ дұрыс болар. Яғни қалтасындағы ақшасына қалай қараса, өзінің жеке ақпаратына да солай уайымдап, солай қарауы керек қазіргі заманда.
Бір сәттік салғырттық жеке деректердің таралуына немесе қаржылық шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар кез келген ақпаратты тексеріп, құпия деректерді бөгде адамға бермеуге және цифрлық қауіпсіздік талаптарын күнделікті әдетке айналдыруға шақырады.