ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ ТУҒАНЫНА 95 ЖЫЛ
Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына – 95 жыл. Ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтап, оны жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мерейтойы ел көлемінде аталып өтуде.
Осыған орай Түркістан қаласында «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының зерттелуі» тақырыбында мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Жиында қайраткердің өмірі мен шығармашылық мұрасы кеңінен сөз болып, құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге Өзбекәлі Жәнібековтің қызметіне қатысты құжаттар мен жеке заттары қойылған. Олардың қатарында кезінде қабылдаған бұйрықтары, ұлттық нақышта өзі әзірлеген киім үлгілері, жұмыс үстелі және арнайы тоқылған кілемі бар.
ЕРЛАН ДӘКЕНОВ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бүгін біз бұл көрмені Өзбекәлі Жәнібековтің барлық еңбектеріне арнап отырмыз. Мұнда ағамыздың кезінде қабылдаған бұйрықтары, құжаттары, өзі сызған қазақы нақыштағы киімдері, жұмыс орнындағы үстелі, арнайы тоқылған кілеміне дейін қойылған. Менің ойымша, бүгінгі таңда осындай нар тұлғалардың еңбегін әрі қарай насихаттап, дәріптеуіміз қажет.
Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың ұлттық мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртуға айрықша еңбек сіңірді. Сондай-ақ отандық музей ісінің дамуына, этнографиялық музейлердің ашылуына, ұлттық қолөнер мен фольклорлық өнердің насихатталуына үлкен үлес қосты. Іс-шара ғылыми баяндамалар мен пікір алмасуға ұласып, ұлттық өнерді дәріптеген концерттік бағдарламамен қорытындыланды.