ТІЛ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТҰҒЫРЫ
Түркістанда тілдер мерекесіне орай «Тілім – тұғырым» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті. «Достық үйінде» ұйымдастырылған басқосу тілдің ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтатын ортақ құндылық екенін айшықтады.
Тіл – халықтың жады. Онда ұлттың тарихы, салт-дәстүрі, дүниетанымы мен рухани болмысы сақталады. Сондықтан ана тілін ардақтау – әр халықтың өзіндік болмысын айшықтаса, өзге тілдерге құрмет – қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықтың берік негізі. Жиын барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа арнайы марапат табысталды.
ГҮЛСАРА ТОҚҚҰЛОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Этнос өкілдерінің өз тілі мен қазақ тілінде өлең айтуы біздің мемлекетімізді құрметтейтінін көрсетеді.Қазақстанда адам құқығы жоғары, біз адами капиталды қолдаймыз.Бүгінгі мереке сол керемет өмірдің көрінісі.
Жиын мерекелік бағдарламаға жалғасты. Ақиық ақындардың туындылары оқылып, ана тілінің қадірі мен қасиеті өлең өрнегімен өрілді.
РАМИЛЯ МУСТАФАЕВА, ӘЗІРБАЙЖАН БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Қазақстанда қаншама ұлт өкілі бар, бәріміз тату-тәтті өмір сүреміз, қазақ тілінде еркін сөйлейміз.Ол үшін мемлекет барлық мүмкіндікті қарастырған.Біз алты жылдан бері «Жексенбі» мектебін құрдық.Онда әзірбайжан, қазақ тілін үйретеді.Мемлекеттік тілді білу ортақ парыз деп білемін.
Ана тілін ардақтау – өткенге тағзым, келешекке аманат. Ал өзге тілдерді құрметтеу – татулық пен түсіністіктің тұғырын бекемдейді.