Негізгі Жаңалықтар «ШЫМКЕНТ – ЕСІРТКІСІЗ ҚАЛА»

«ШЫМКЕНТ – ЕСІРТКІСІЗ ҚАЛА»

«Шымкент – есірткісіз қала». Жаңа оқу жылының басталуына орай мегаполисте есірткіге қарсы жалпыхалықтық науқан басталды. Жастар құзырлы орган өкілдерімен бірге өзекті мәселенің алдын алуға жұмылмақ. Акцияның алғашқы күнінде Астана алаңына 3 мыңға жуық адам жиналып, науқанды бастады.


Жалпыхалықтық науқанды қала әкімдігінің қолдауымен Полиция департаменті жүзеге асырып отыр. Шара барысында мегаполис аумағындағы есірткі, психотроптық заттар және олардың аналогтарын насихаттайтын заңсыз жарнамалар жойылады. Қатысушылар есірткі жарнамасы бар граффитилерді анықтап, өшіреді. Осы арқылы есірткі қылмысының алдын алуға қоғам назарын аудармақ.


МҰХТАР ҚОЖАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Өкінішке қарай, жыл басынан бері 19 жасөспірім есірткі қылмыстарымен құрықталған болатын. Сондықтан оның әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында жоба жүзеге асады. Оқу жылының басталуына орай осы жұмысты бірінші тоқсанда бастап кеттік.


 Науқан аясында жастар қала тұрғындарын есірткі жарнамасына бейжай қарамауға шақырады. Заңсыз жарнамаларды анықтап, тиісті органдарға хабарлау мәдениетін қалыптастыруға үндейді. Сондай-ақ құрдастарын салауатты өмір салтын ұстанып, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырмақ.


НҰРСАНА АЛТЫНСАРИНА, ЕРІКТІ
Мен бұл мәселеге бейжай қарай алмаймын. Себебі өзімнің туысым да есірткіден зардап шекті.


 Жалпыхалықтық жобаға «Әділет» партиясының өкілдері де атсалысып жатыр. Құрамында жастар көп саяси ұйым бұл бағыттағы жұмыстарға өз үлесін қосуда.


МҰРАТ ЖОЛДЫҚОЖАЕВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
 «Әділет» партиясында, өздеріңіз білесіздер, 7,5 мың жастары­мыз бар. Әр оқу ордасында бөлімшелер ашып, идеология саласына атсалысып жүрміз.


Жыл басынан бері қалада есірткіге қатысты 347 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Оның 55-і – заңсыз сату, 13-і – аса ірі мөлшердегі қылмыс. Нәтижесінде 402 келі есірткі заңсыз айналымнан тәркіленген. Есірткі жасырумен айналысқан 45 адам анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал әлеуметтік желілерде есірткіні жарнамалайтын немесе оған сілтеме жасайтын 1325 сайт бұғатталған.


Бөлісу