ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Жылу желілері жаңарып, апат саны азайған. Шымкентте биыл 700 метрден астам ішкі орамдық жылу құбыры реконструкцияланды. Жаңғырту жұмыстары тұтынушылар төлейтін тарифке енгізілген инвестициялық бағдарлама қаржысы есебінен жүргізіліп жатыр.
«Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөнінде халық алдында есеп берді. Биыл 12-ші шағынаудандағы үш тұрғын үйді қамтитын 728 метр жылу желісі жаңартылды. Жұмыстарға 16 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.
АЙДАР ҚАЛДЫКӨЗОВ, «ҚУАТЖЫЛУОРТАЛЫҚ-3» МКК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Конкурс ұйымдастырып, инвестициялық бағдарламаның орындалуын, 728 метр жылу желілерін реконструкциялау жұмыстарын көрсетіп жатырмыз. Бұл жұмыстардың қандай оң нәтиже беретінін, жылу сапасына қалай әсер ететінін таныстырып жатырмыз.
Инвестициялық бағдарламаның орындалуы реттеуші орган мамандарының бақылауында. Жаңғырту жұмыстары басталғалы жылу желілеріндегі апат саны 29,4 пайызға азайған. Ал жылу энергиясының ысырабы 0,1 пайызға төмендеген.
АБЫЛАЙХАН КЕҢЕС, ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Бұл қаражаттың жұмсалуына қатысты «Қуатжылу» мекемесі 2027 жылдың 1 мамырына дейін бізге есеп береді. Оны қарап, тексеріп, жергілікті органдардан қорытынды аламыз. Нақты орындалған жұмыс бойынша оң қорытынды береміз. Ал жұмыс орындалмаған жағдайда тарифті төмендету бойынша шаралар қолданылатын болады.
Бес жылға жоспарланған инвестициялық бағдарламаға 82 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Оның жыл сайынғы 16 миллион теңгеден астамы тозығы жеткен жылу желілерін жаңартуға бағытталады. Биыл жоспарланған жұмыстар нәтижесінде 4 миллион теңге үнемделген. Бұл қаражат қосымша жөндеуді қажет ететін жылу желілеріне жұмсалмақ.