«БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ»: ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Бал, қытырлақ жеміс, былғары бұйымдар. Осындай сан алуан өнім өндіретін кәсіпкерлер Шымкентте бас қосып, өзара бақ сынады. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өткен байқаудың үздіктері анықталып, он іскер келесі кезеңге жолдама алды.
Биылғы байқауға қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің қарасы қалың. Бұған дейін Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған көрме-жәрмеңкеге 70-ке жуық үміткер қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынған. Солардың ішінен комиссия мүшелерінің дауыс беруі арқылы іріктелген 20 кәсіпкер ақтық кезеңге жолдама алған. Бренд-комитет отырысында әр кәсіпкер өз өнімінің ерекшелігін таныстырып, өндірісінің әлеуеті мен алдағы жоспарын ортаға салды.
САБИРА АДАМБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қатысушылардың өнімі кәдімгі шикізаттан дайындалуы керек.Яғни тауарды шығаруда қарапайым технологиялар қолданылуы керек.Осы қарапайым тауарлардан бренд жасап, кәсіпкерлердің бизнесін дамытып, экспорттық әлеует беруге көмектесу – біздің мақсат.
Мұнда келген кәсіпкерлердің өнімдері де сан алуан. Бірі бал өндіреді, енді бірі сүт пен асқабақтан сусын әзірлейді. Арасында ет өнімдерін, кондитерлік тәттілерді, түрлі дәмдеуіштерді, жүгері мен кептірілген жемістерді ұсынғандар бар. Сондай-ақ киім тігіп, былғарыдан бұйым жасайтын шеберлер де өнімдерін таныстырды.
МҰХАМЕДКӘРІМ ЕНІШЕНОВ, КӘСІПКЕР
Былғары ауа өткізеді, ұзаққа жарамды болғандықтан сұраныс жоғары.Мен өзім қолмен тігемін, сондықтан тігісі сөгілмейді.Сонысымен ерекше. Бұл жерде ең негізгісі – оның дизайнының ерекшілігі, сапасы.
Бренд-комитет мүшелері үміткерлерге өнімнің өндіріс көлемі, ерекшелігі мен нарықтағы сұранысы бойынша сауалдар қойды. Жиында жобасы үздік деп танылған 10 кәсіпкер анықталды. Дегенмен, өзге қатысушылар де назардан тыс қалмайды. Кәсіпкерлер палатасы оларға жобасын кеңейту мен өнімді экспортқа шығару бағытында қолдау көрсетпек.