Негізгі Жаңалықтар ДРОН ОПЕРАТОРЛАРЫН ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ДРОН ОПЕРАТОРЛАРЫН ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістанда дрон операторларын даярлайтын заманауи оқу орталығы ашылды. Мұнда құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери мамандар мен өндіріс саласының өкілдері ұшқышсыз ұшу аппараттарын кәсіби басқаруды үйренеді. Жаңа орталық мамандардың заманауи технологияларды меңгеруіне мүмкіндік бермек.


 Дрондар бүгінде түрлі салада кеңінен қолданылып келеді. Ал жаңа орталықта мамандар ұшқышсыз аппараттарды басқарудың қыр-сырын теория жүзінде ғана емес, тәжірибе арқылы да меңгереді. Оқу барысында қатысушылар дронды әуеде маневр жасау, арнайы жабдықтарды пайдалану, қауіпсіз ұшыру және қондыру әдістерін үйренеді. Сондай-ақ күрделі тапсырмаларды орындауға машықтанады. Оқу процесі шынайы жағдайларға барынша жақындатылған арнайы симуляциялық кешендер арқылы ұйымдастырылған. Оның көмегімен мамандар түнгі уақытта, түрлі ауа райы жағдайында және күрделі рельефте ұшқышсыз аппараттарды басқару дағдыларын жетілдіреді. Орталықтың басты мақсаты – құқық қорғау және арнайы қызмет мамандарының цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мүмкіндігін арттыру. Бұл әсіресе жедел-қызметтік жұмыстар кезінде маңызды. Жаңа кешеннің материалдық-техникалық базасын қалыптастырып, заманауи құралдармен жабдықтауға бірқатар мердігер компаниялар мен мамандар үлес қосты. Орталықтың ашылуына атсалысқан азаматтардың еңбегі Түркістан облысы полиция департаментінің басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, бірқатарына арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.


Бөлісу