ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН САТЫП АЛУ ҚҰНЫ 20%-ҒА ӨСТІ
Электр энергиясының тарифі қымбаттауы мүмкін. Бұған ең алдымен электр энергиясын сатып алу құнының өсуі себеп болып отыр. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2026 жылдың қыркүйек айынан бастап электр энергиясын өткізу тарифін көтеру туралы ұсынысын жолдаған. Осыған байланысты Түркістан облысында жария тыңдау өтті.
Тарифтің өсуіне бірнеше фактор әсер еткен. Соның негізгісі – бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясын сатып алу тарифінің қымбаттауы. ҚР Ұлттық экономика министрінің №167 бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 15 шілдеден бастап электр энергиясының босату бағасы 1 киловатт-сағат үшін 15 теңгеден 18 теңгеге көтерілді. Яғни, сатып алынатын электр энергиясының құны 3 теңгеге немесе 20 пайызға өскен.
ҰЛТАЙ ИБРАГИМОВА, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТАЛДАУ ЖӘНЕ ЖОСПАРЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
Сатып алу қаражаты тарифтің ең үлкен шығынын құрайды – 41,6 пайыз. Ұлттық электр желілері арқылы тасымалдау және қуат аралығын қажетті деңгейде ұстау құны – 14 пайыз. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің тарифі – 38,8 пайыз. Басқа тасымалдаушы компаниялардың тарифтері – 2,6 пайыз.
Жария тыңдауға қоғам белсенділері де онлайн қатысты. Олар тарифтің өсу себептерін талқылап, өз ұсыныстарын айтты. Ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы өтінімнің әлі де жан-жақты зерделенетінін жеткізді.
АҚТІЛЕУ БЕКМҰРАТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан берілген өтінімге нақты зерделеу жүргізіледі. Оның нәтижесі бойынша уәкілетті орган тиісті шешім қабылдайды.
Тариф құрылымында электр энергиясын сатып алу, тасымалдау және жабдықтау шығындары бар. Өсімнің негізгі бөлігі – сатып алу шығындарына тиесілі. Сонымен қатар электр энергиясын өз желілері арқылы тасымалдайтын ұйымдардың тарифтері де өзгерген. Мәселен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарифі 19,5 пайызға, «УранЭнерго» ЖШС тарифі 5,5 пайызға өскен. Ал «Казспецэлектрод» ЖШС бойынша тариф 6 теңге 69 тиыннан 9 теңге 95 тиынға дейін көтеріліп, 48,7 пайызға ұлғайған. Осы факторлардың жиынтығы орташа тарифтің 24,8 пайызға өсуіне әсер еткен.