Негізгі Жаңалықтар СТУДЕНТТЕР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДЕБАТ ӨТКІЗДІ

СТУДЕНТТЕР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДЕБАТ ӨТКІЗДІ

Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері халықтың экологиялық мәдениеті артты. Қазір белсенділер апта сайын айналаны күл-қоқыстан арылтып, тазалық жұмысын үзбей жүргізіп келеді. Әсіресе мұны жастардың санасына сіңіру маңызды. Осы мақсатта бүгін М.Тынышбаев атындағы Шымкент көлік колледжінде эко дебат ұйымдастырылды. Білім алушылар экологиялық акцияның артықшылықтарын атап, студенттерді тазалыққа үндеді.


Тазалық – тәртіптен басталады. Колледж студенттері қоршаған ортаны аялап ұстауды маңызды міндетке айналдырған. Еріктілер еңбегіне ақы алмай, әр аптада сенбілікке белсене атсалысып, айналаны ретке келтіреді. Жастар бұл арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.


НАЗЕРКЕ РАХМАТУЛЛА, М.ТЫНЫШБАЕВ АТЫНДАҒЫ ШЫМКЕНТ ALT КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
Біз ауаның ластануы, экологиялық акцияның маңызы бойынша дебат ұйымдастырып жатырмыз.Қазір екі тараптың пікірін тыңдаймыз.Ал жалпы, біз әр сенбі сайын жастар ресурстық орталығымен бірге саябақтарды тазалауға шығамыз.


Эко дебат тартысты өтті.Оппозиция мүшесі тазалыққа атсалысу – жастардың парызы десе, үкімет тарапы бұл пікірді терістеді. Айтуларынша, қоршаған ортаны таза ұстау жас не ұлтқа бөлінбейді. Сондықтан әр ел азаматы мұны өзіне жүктелген міндет деп есептеуі керек.


ШОЛПАН СЕЙДИРОВА,  М.ТЫНЫШБАЕВ АТЫНДАҒЫ ШЫМКЕНТ ALT КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНІҢ ЖАСТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
Өткен жылы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 17 іс-шара өткізілді.Алдағы жылға да үлкен жоспарлар бар.Еріктілеріміз үнемі атсалысып отырады.Ал бүгінгі іс-шара студенттердің бойында тазалық мәдениетін қалыптастырып, айналаны таза ұстауға үндеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.


Колледж жастары өткен оқу жылында экологиялық акцияға қалмай қатысқан. Қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, егде тартқан тұрғындардың ауласын күл-қоқыстан тазартыпты. Ал қызметкерлер мұндай игі істерді алдағы уақытта да жалғастыратындарын айтады.

Бөлісу