Негізгі Жаңалықтар АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау сыңғырлап, жаңа оқу жылы ресми түрде басталды. Үшінші мегаполисте де бұл күн ерекше сән-салтанатымен өтті. Биыл қалада 405 мыңға жуық оқушы мектеп партасына отырса, оның шамамен 29 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушылары.


Дәстүрге сай мерекелік жиын Мемлекеттік Туды көтеріп, Әнұранды орындаудан басталды.


 Мадина Базарбай №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының 11-сыныбында оқиды. Болашақта медицина саласында қызмет етуді көздеген жас дарын мектепте терең білім алуға барлық жағдай жасалғанын айтады.


МАДИНА БАЗАРБАЙ, ОҚУШЫ
 Осында келгелі тарих, биология пәндерінің мұғалімдерімен жұмыс жасап жүрмін. Себебі тарихтан олимпиадаларға қатысып, көптеген жүлделі орындарға, ақшалай сыйлықтарға ие болдым. Сондай-ақ биология, әсіресе химия пәндерінен де қазір дайындық жүргізіп жатқандықтан, көптеген жетістікке жеттім деп айта аламын.


Биылғы 1 қыркүйек «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды. Мерекелік іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сіздердің болашақтарыңыз заманауи технологияны, инновацияны игерумен, жақсы білім алумен, ғылымды игерумен анықталатынын айтқым келеді. Ал сіздердің болашақтарыңыздың қандай болатындығы Қазақстанның қандай болатынын анықтайды. Сіздердің болашақтарыңыз жарқын болса, Қазақстанның келешегі кемел деген сөз.


 Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатында 560 оқушы білім алады. Өткен оқу жылында 134 оқушы мектеп бітіріп, оның 19-ы «Алтын белгі» иегері атанса, 16 түлек үздік аттестат иеленген.


САПАРҒАЛИ САУРАНБАЕВ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ҮШ ТІЛДЕ ОҚЫТАТЫН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Оқу-ағарту министрлігінің 564-бұйрығы негізінде оқушылар қабылданады. Бізде қабылдау 7-сыныптан басталады. Биыл 6-сыныпты бітірген оқушылар қабылданды. Балалар конкурсқа қатысады. Сол конкурстың нәтижесінде жеңімпаздарды, яғни біз 150 орын берсек, сол орындарға қабылдаймыз. Егер ҰБТ-ға немесе басқа мектептерге байланысты резервтен шақырылып кеткен балалар болса, олардың орнына резервтегі оқушыларды қабылдай береміз. Ал қабылдау біздің құзыретімізге жатпайды.


 Білім ордасында дәстүрлі алғашқы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде өтті. Жиыннан соң оқушылар сыныптарына тарқап, жаңа оқу жылындағы алғашқы сабақтарына кірісті.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар