ЖЕР ДАУЫ
Айдың-күннің аманында зейнет жасындағы қариялар жерінен айрылып отыр. Сайрам ауданындағы «Мәртөбе агрофирмасы» өндірістік кооперативінің 200-ден астам мүшесі «далада қалдық» деп редакциямызға хабарласты. Айтуларынша, ұжымда 30 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан шаруалар мүшеліктен сырттай шығарылған. Жер еміп өскен ағайынды тығырыққа тіреген кімдер? Мәселенің мән-жайын әріптесім Кенжехан Дүйсенбі анықтап көрді.
«Мәртөбе агрофирмасы» өндірістік кооперативінің мүшелері бұған дейін ұжымның айрандай ұйып отырғанын айтады. Шаруалардың сөзінше, кооперативке жалға алушы болып Насирулла Сулейманов келгелі береке қашқан. Тұрғындар 2025 жылдың 12 қарашасында 3 адам алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз жиналыс өткізіп, жалған хаттама түзегенін алға тартады. Нәтижесінде, кооперативте ондаған жыл еңбек еткен 130-дан астам зейнеткер мүшелік тізімнен шығарылып тасталған.
ЕРҒАЛИ СҮГІРАЛИЕВ, КООПЕРАТИВ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
Бір күнде заңсыз тізімнен шығарып тастап мүлдем ұжымға қатысы жоқ 132 адамды заңсыз біздің ұжым мүшелігіне тіркеген.
Тұрғындардың арызынан соң 2026 жылғы 3 сәуірде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жалға алушы мен оның серіктестерінің әрекетін заңсыз деп танып, ұжым мүшелерінің құқығын қайта қалпына келтірген. Десе де, 2026 жылдың 13 маусымында Н. Сулейманов қайтадан жиын өткізіп, 130-дан астам мүшені кооперативтен тағы да шығарып, тиісті құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қайта тіркетіп жіберген. Осылайша, бір жылға жетпейтін уақыт ішінде шаруалар қайтадан үлесіз қалған.
ВИКТОР ЯРЕМИЧ, КООПЕРАТИВ МҮШЕСІ
Бұларды заңмен жазаласын. Біздің Қазақстан елінің заңымен. Бұл ұжымға менің әкем соғыс ардагері еңбек еткен. Менің терім тамған неге бұлар қианат жасайды. Заң органдары ақихатты ажыратады деп сенемін.
Серіктестік мүшелерінің сөзінше, жалға алушы келгені бері жыл сайын өнімнен тиесілі пай үлесін алудан қағылған.
ҚҰЛҚАНЫС ЖАРҚЫНБАЕВА, КООПЕРАТИВ МҮШЕСІ
Насирулла арендатор боп жүрді Сол кісілер 10 жылдан бері мен алатын пай үлестерімді берген емес. Келсек бізді ит сияқты қуалайтын.Білесізбе менің жаным күйеді
ОКТЯБР РОЗАҚҰЛОВ, КООПЕРАТИВ МҮШЕСІ
Жүз гектар жерге ноқат егіп әр магазинге 400 теңгеден өткізген. Ал мына ұжымның біреуіне бір келі ноқат берген емес
Даудың мән-жайын білу үшін екінші тарапқа да хабарластық. Насирулла Сулеймановтың атынан оның заңды өкілі жауап берді. Іс материалдарына сәйкес, қазіргі төрағаның да заңды тіркелгені туралы құжаты бар екен
АМАНГЕЛДІ БАТЫРБЕКОВ, НАСИРУЛЛА СУЛЕЙМАНОВТЫҢ ЗАҢГЕРІ
Сотта қаралып жатыр соттың шешімі шығады сол кезде нүкте қойылады. Қазір Насирулла Сүлеймановты заңсыз істеген деп сенде менде ешкімде айта алмайды. Өйткені заңды тіркелгені туралы құжат тұр қолында
Күзгі орақ науқаны тұсында жер дауына тап болған кооператив мүшелері соңғы нүктені әділ сот қояды деп үміттенеді.