Негізгі Жаңалықтар ЖАТАҚХАНАЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛУДЕ

ЖАТАҚХАНАЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛУДЕ

Шымкентте жаңа оқу жылы қарсаңында студенттер жатақханаларының дайындығы жаппай тексерілуде. Қалалық мониторингтік топтар студенттер үйлеріндегі өрт қауіпсіздігін, санитарлық тазалықты, бөлмелер мен жуыну орындарының жай-күйін бақылауға алды. Шаһар студенттер көп шоғырланған өңірлердің бірі болғандықтан, жастарды баспанамен қамту мәселесі басты назарда. Әдеттегідей, жатақханадан орын бірінші кезекте 1-курс студенттеріне, шалғай аудандардан келген жастарға және әлеуметтік осал топтағы студенттерге беріледі.


Үшінші мегаполистегі жоғары оқу орындарында 98 мыңға жуық студент білім алады. Олардың басым бөлігі – өзге өңірлерден келген жастар. Бүгінде шаһарда 32 студенттер үйі жұмыс істейді. Қазіргі таңда арнайы мониторингтік топ ғимараттардың жай-күйі мен қауіпсіздігін тексеруде. Топ мүшелері осы уақытқа дейін 19 жатақхананы аралап үлгерген.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ БАСШЫСЫ
Тоғыз жоғары оқу орнында 98 мың студент білім алатын болса, 2024-2025 жылдардағы статистикалық деректерге сүйенсек, жатақханаға қажеттілік болған жоқ. Биыл да ондай мәселе жоқ. Қазір мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында жатақханаға орналасып жатқан студенттермен кездесіп жатырмыз. Олардың арасында «жатақханаға сыймай қалдық» деген мәселені кездестірмедік.


Мониторингтік топ бұл жолы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің №5 студенттер үйін тексерді. Жатақхана 588 студентке арналған. Студенттердің жайлы тұруы үшін мұнда екі және үш орындық кең бөлмелер, заманауи ас үй, кітапхана және демалыс орындары қарастырылған. Сонымен қатар ғимарат толықтай Wi-Fi желісімен қамтамасыз етілген.


 АСҚАР МОЛДАБЕК, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Қаламызда осындай 32 жатақхана бар. Оның 21-і жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеп жатыр. Ал 11-і жоғары оқу орындарының балансында. Қазіргі таңда біз 5-жатақханаға келіп отырмыз. Мұнда 588 студент тұрады. Қазір 250 студент орналасқан. Балаларды қабылдап жатыр, оны көрдік. Бағасы да тиімді – әр студентке айына 8 мың теңге, он айға 80 мың теңге. Барлық жағдай жасалған.


Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті студенттерді баспанамен қамту көрсеткішін арттырып келеді. Бүгінде оқу орнының балансында 1 314 орынға арналған 3 жатақхана жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында арнайы келісімшарттар жасалған. Нәтижесінде тағы 1 690 орындық 4 студенттер үйі жастарды қабылдауға дайын.


 ҒАНИ БЕСБАЕВ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ ПРОРЕКТОРЫ
Биыл барлық жатақханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталды. Биыл бізге 4 700-дей студент қабылданып жатыр. Жатақхана бойынша студенттерге орын жетіспеушілігі мәселесі жоқ. Жыл сайын бізде дефицит болған емес. Қазір университет тарапынан студенттерді орналастыру бойынша барлық жағдай жасалған. Жаңа оқу жылына дайынбыз деп айтқым келеді.


Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары тамыз айының соңына дейін жалғасады. Ел бойынша жүргізіліп жатқан мұндай тексерістер студенттерге қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар