Негізгі Жаңалықтар ӘШЕКЕЙ ЖАСАУДЫ ҮЙРЕНДІ

ӘШЕКЕЙ ЖАСАУДЫ ҮЙРЕНДІ

Шеберлік пен шығармашылықты ұштастырған ерекше сабақ. Шымкенттегі Shymkent Creative Hub орталығында қыз-келіншектер әшекей бұйым жасаудың қыр-сырын меңгерді. Қатысушылар өз талғамына сай алқа тоқып, дайын бұйымдарын естелік ретінде өздерімен бірге алып қайтты.

Қолөнер – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық өнер. Ал оны заманауи үлгіде дамытуға мүмкіндік беретін шығармашылық алаңның бірі – Shymkent Creative Hub. Мұнда келушілер тек әшекей жасап қана қоймай, сурет салу, түрлі қолөнер бағыттары бойынша шеберлігін шыңдай алады. Ең бастысы – мұндай сабақтарға ересектермен қатар балалар да қатысып, қиялын еркін дамытады.

АЙМАН ТІЛХОДЖАЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Біз апта сайын шеберлік сабақтарын өткізіп отырамыз. Бүгінгі сабағымызды алқа жасауға арнадық. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі әшекейлердің өзіндік мән-мағынасы бар. Бүгінгі сабаққа он шақты қатысушы келді. Әрқайсысы өз қалауындағы алқаны жасап, дайын бұйымын сый ретінде алып кетеді.

Бірі моншақты таңдап, енді бірі алқаның үлгісін ойластырып, өз қиялындағы әшекейді жасауға кірісті. Қолынан шыққан бұйымды бірден тағып көрген қатысушылардың қуанышында шек жоқ. Шебердің әр кеңесін қалт жібермей, жаңа дүниені өз қолдарымен жасап шықты.

АЙЖАН СӘРСЕНБАЙ, ҚАТЫСУШЫ
Бүгін алқа жасау үшін Айман ханымның шеберлік сабағына келдім. Оның жасаған жұмыстарын ерекше ұнатамын. Бүгін өзіме ерекше алқа жасағым келді. Жасап жатқан алқамыз ауқымды әрі ерекше. Адамның назары бірден алқаға түседі. Сондықтан үлкен әрі әдемі алқа жасау үшін осы шеберлік сабағына қатысып отырмын.

Шығармашылыққа бір қадам – көңіл күйге бір қуаныш. Қатысушылар үшін бұл сабақ жаңа дүниені үйренумен қатар, өз қолымен ерекше бұйым жасап көруге берілген мүмкіндік болды. Ал орталық мамандары мұндай танымдық әрі шығармашылық кездесулерді алдағы уақытта да тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.




Бөлісу

Аймақтық телеарналар