АШЫҚ ЖЕРДІ ҚОҚЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫРҒАН
Қала шетіндегі ашық алаңдар заңсыз қоқыс орнына айналып барады. Тұрғындардың тазалыққа немқұрайлы қарауы қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отыр. Жыл басынан бері мамандар осындай 20 заңсыз қоқыс орнын анықтап, бақылауға алған. Алайда ескертуге құлақ аспайтындар әлі де бар. Кейбірі түн қараңғысын пайдаланып, құрылыс қалдықтарын тонналап төгеді. Тәртіп сақшылары мен экологтар арнайы рейдтер ұйымдастырып, заң бұзушыларды анықтауға күш салып келеді.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Еңбекші ауданына қарасты Жұлдыз тұрғын алабының шеті бүгінде ашық аспан астындағы қоқыс орнына айналған. Мұнда тұрмыстық қалдықтар ғана емес, тонналаған құрылыс қоқысы да бей-берекет шашылып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл жағдай бір күнде пайда болмаған. Ал жағымсыз иіс пен шаң-тозаң маңайдағы халыққа қолайсыздық тудырып отыр.
Жауапты мамандар заңсыз қоқыс үйінділері анықталған аумақтағы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Десе де, тазалық талаптарын елемей, қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастайтындар азаяр емес. Тәртіпке бағынбағандарға ескерту жасалып, заң аясында айыппұл да салынады. Бірақ соған қарамастан, мәселе қайта-қайта қайталанып отыр.
ГҮЛСАРА ПАЗЛИЕВА, КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Осы тұрғындарға қанша рет айттық, қанша рет түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Сонда да шашып кетеді. Үйдің қоқысын да тастап кетеді, ауланың ішінен де шығарып тастайды. Ескерту жасасақ, «Бұл сіздердің жұмыстарыңыз» дейді. Өздері де тазалап жүрсе болады ғой. Шеттен ешкім келіп тастап кетпейді. Өз ауламызды өзіміз таза ұстасақ болды ғой.
Жыл басынан бері мегаполисте 20 заңсыз қоқыс орны анықталып, толықтай тазартылды. Сонымен қатар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы жүргізген ғарыштық мониторинг нәтижесінде қала аумағынан тағы 30 заңсыз қоқыс орны анықталған. Қазір бұл нүктелерді тазарту және ретке келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
ДҮЙСЕН ҚҰЛТІЛЕУОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қанша тазаланғанымен, қайтадан қоқыс жиналып қалады. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Полиция департаментімен бірлесіп, тиісті шаралар да қабылданып жатыр. ӘҚБтК талаптарына сәйкес айыппұлдар қарастырылған. Заң бұзғандарға айыппұл салынып жатыр.
Заңсыз қоқыс төгушілер көбіне түнгі уақытта әрекет етеді. Арнайы полигонға барып, белгіленген төлемді төлеуден жалтарғандар жүк көліктерімен құрылыс қалдықтарын қала сыртына тасиды. Экологтар мұндай әрекеттің қоршаған ортаға зияны зор екенін айтып, дабыл қағуда.