Негізгі Жаңалықтар МАҚТААРАЛДА - ЖАҢАРҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОЛ

МАҚТААРАЛДА - ЖАҢАРҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОЛ

МАҚТААРАЛДА - ЖАҢАРҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОЛ

Мақтаарал ауданында халықаралық маңызы бар автомобиль жолы жаңартылып, пайдалануға берілді. М-39 «Ташкент – Термез» халықаралық көлік дәлізінің аудан аумағындағы 24,1 шақырымдық учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Жаңарған жол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік байланысын нығайтып қана қоймай, халықаралық транзиттік дәліздің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.


 Жаңартылған І санаттағы автожолдың пайдалануға берілуіне арналған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығы мен жауапты мамандары, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты. Жиында аудан әкімінің орынбасары халықаралық маңызы бар жолдың Мақтаарал үшін стратегиялық мәніне тоқталды.


 СЕРІК ТҰРСЫНҚҰЛОВ, МАҚТААРАЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сапалы жол – елді мекендер арасындағы байланысты жақсартып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін береді. М-39 халықаралық көлік дәлізінің жаңартылуы Мақтаарал ауданының транзиттік және логистикалық мүмкіндігін арттырып, тұрғындар мен тасымалдаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.


Жол жөндеу барысында қозғалыс қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген. Жолдың жүру бөлігі жаңартылып, қажетті инфрақұрылым жасақталды. Атап айтқанда, аялдамалар, заманауи жол белгілері, жарықтандыру жүйесі және тосқауыл қоршаулар орнатылды. Бұл нысандар жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.


 ҚУАТБЕК НҰРБАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жұмыс 2024 жылдың қыркүйек айында басталған. Бүгінгі таңда нысанды пайдалануға беріп отырмыз. Жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайды. Жөндеу барысында жолдың бетон қабаттарындағы бүлінген учаскелер қалпына келтіріліп, үстіңгі қабатына асфальт төселді. Жалпы 405 мың шаршы метр асфальт төселді. Сонымен қатар 6 көпірдің жабындысы ауыстырылды.


 Жаңартылған көлік дәлізі «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттыруға, жүк және жолаушылар тасымалының транзиттік мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Мамандардың айтуынша, жолдың жаңаруы Мақтааралдың көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп, халықаралық сауда және транзиттік байланыстардың дамуына оң әсер етеді.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар