СОЗАҚТА ФОСФОРИТТІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ
Созақта еліміздегі ірі өндірістік жобалардың бірі жүзеге асырылып жатыр. Мұнда фосфорит рудасын терең өңдейтін заманауи зауыт салынады. Жоба іске қосылғанда мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sinopec» компаниясының вице-президенті Чжан Чжансинмен кездесіп, кәсіпорын құрылысының барысын және алдағы жоспарларды талқылады.
Өндіріс ошағын «Созақ Фосфат» серіктестігі қолға алған. Кәсіпорын жылына 2 миллион тонна фосфорит рудасын байытатын болады. Одан әрі күкірт, фосфор қышқылы, синтетикалық аммиак және сұранысқа ие минералды тыңайтқыштар өндіріледі. Өнім ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Қытай, Үндістан және жақын шетелдерге экспортталады.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Созақ ауданында іске асырылып жатқан фосфоритті руданы қайта өңдеу зауыты – тек өңір үшін ғана емес, жалпы еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық дамуы үшін стратегиялық мәні бар ірі жобалардың бірі. Жоба іске қосылғаннан кейін мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға, өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге және ел экономикасын дамытуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты зауыт құрылысының сапалы, белгіленген мерзімде және халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылуы аса маңызды.
Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Оны 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған. Бұдан кейін жобалау жұмыстары басталып, инженерлік инфрақұрылым тартылады. Теміржол салынып, зауыт сумен және электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады. Сонымен қатар 300 жас маманды шетелде даярлау көзделіп отыр.
СЕРІКЖАН СЕЙІТЖАНОВ, «САУТС-ОЙЛ» ХОЛДИНГІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Қазан айынан бастап обогадительный фабрика, темір жолы, дробилка содан кейін ішкі зоводской жолдарының барлығын бастап кететін болдық. Соның барлығын келістік. Эскизный проектісін бұлар барлығына алып келді. Біздікімен бірге келісіп жұмыс жақсы жүріп жатыр.
Жоба толық қуатына шыққанда Созақта химия өнеркәсібінің жаңа өндірістік тізбегі қалыптасады. Кәсіпорынды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Өндіріс ошағы алдағы он жылда бюджетке 43 миллиард 300 миллион теңгеге жуық салық түсіреді деп күтілуде.