ЕСІРТКІ САТҚАН ЕКІ КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Шымкентте синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен екі азамат ұсталды. Күдіктілердің бірі заңсыз айналымға шығаруға дайындалған екі келіге жуық мефедронмен қолға түскен. Бұл – «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған деректер.
Полицейлер күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде екі келіге жуық мефедрон тәркіледі. Сонымен қатар электронды таразылар мен есірткіні бөлшектеп орауға арналған арнайы қаптар табылды. Тәртіп сақшылары осылайша синтетикалық есірткінің ірі партиясын заңсыз айналымға жіберуге жол бермеді. Жедел іздестіру шаралары барысында синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен тағы бір қала тұрғыны ұсталды. Оны тінту кезінде жалпы салмағы 200 грамнан асатын есірткі заты салынған төрт пакет тәркіленді. Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция олардың есірткі жеткізу арналары мен ықтимал сыбайластарын анықтап жатыр. Құзырлы орган өкілдері есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сақтау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Заңсыз айналымның жолын кесуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ.