ТАРИХ ТІРІЛГЕН КҮН
Өткен мен бүгінді сабақтастырған ғасырлық шежіре. Шымкентте мемлекеттік архив ісінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Кешкі архив» жылжымалы интерактивті көрмесі ұйымдастырылды. Облыстық мемлекеттік архив ұйымдары ұйытқы болған жиында тұрғындар тарихпен танысып, өткен ғасырға сапар шекті.
Абай атындағы саябақ бұл күні ерекше тарихи атмосфераға бөленді. Ерекше форматтағы іс-шарада шаң басқан ескі қағаздар мен ресми баяндамалар болған жоқ. Өңірдің қос архиві бірлесе отырып, ғасырлық тарихты заманауи форматта тірілтті. Келушілер бұрын-соңды көз көрмеген сирек құжаттармен танысып, атамекеннің тарихи шежіресін жаңа қырынан сезінді.
АЙНҰР НҰРЖАНОВА, ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Фотокөрме ерекше форматта ұйымдастырылған.Түркістан облысынан шыққан Кеңес Одағының батырлары, облыс көлеміндегі айтулы оқиғаларға байланысты мұраларды топтастырып әкелген екен.
Бұл ауқымды мәдени-ағартушылық жобаны «Түркістан облысының мемлекеттік архиві» мен «Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» бірлесе ұйымдастарды. Олар бұл арқылы өлке тарихына қатысты құнды деректерді халыққа таныстыруды көздейді.
ГҮЛНАРА ШАРДАРБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ БАСШЫСЫ
Оңтүстік өңірінің мемлекеттік архив ісінің құрылғанына 100 жыл толуына орай осы іс-шараны ұйымдастырып, сирек кездесетін фотосуреттерді арнайы Шымкентке алып келдік.Өткенді білмей, болашаққа бағдар құру қиын.Сондықтан тарихымызды дәріптеу баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ғасырлық шежіресі бар бұл мұрағаттар – келешек ұрпаққа қалған өшпес мұра. «Кешкі архив» жобасы өткен мен бүгінді сабақтастырып, ел тарихын тағы бір мәрте жаңғыртты.