ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Түркістан қаласында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында педагогтердің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, қалалық білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары мен педагогтер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және салалық кәсіподақ мүшелері қатысты. Кеңесте өткен оқу жылындағы жұмыстар сараланып, жаңа оқу жылына қойылатын міндеттер айқындалды.
Тамыз кеңесі аясында білім беру саласындағы соңғы жаңашылдықтар таныстырылды. Көрмеде жасанды интеллект, цифрлық білім беру платформалары мен заманауи оқу құралдары көпшілік назарына ұсынылды.
Алқалы жиында өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстар сараланып, білім беру саласының нәтижелері мен алдағы міндеттер талқыланды. Биылғы басқосуда білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуына және жаңа технологияларды оқу үдерісіне тиімді енгізуге басымдық берілді.
ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл басқосуды білім саласындағы ұлттық мақсаттарымызды айқындайтын, жеткен жетістіктерімізді саралап, өзекті мәселелерді талқылайтын дәстүрлі алаң деп білемін. Білім беру жүйесінің басты мақсаты – білімді, тәрбиелі, адамгершілік қасиеті жоғары, жауапты тұлғаны қалыптастыру.
Басқосу білім саласының бірнеше бағытын қамтыды. Жиында жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыру және мектептердің мүмкіндігін кеңейту мәселелері сөз болды.
ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бала қай жерде туғанына, отбасының табысына, денсаулық жағдайына немесе мектептің орналасқан жеріне қарамастан, сапалы білім алуға, қабілетін арттыруға және болашақта өз құқығын қорғауға мүмкіндік алуы тиіс. Бүгінгі мектеп барлық технологияны меңгерген ғана емес, оны өмірде қолдана алатын, сын тұрғысынан ойлайтын шәкірт тәрбиелеуі тиіс.
Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқу сапасын жақсарту мәселелері алдағы уақытта да күн тәртібінен түспек емес.
ГҮЛНҰР АБИЛХАСОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Өткен оқу жылында төрт білім беру мекемесінде күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тоғыз мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған жайлы мектептердің саны үшке жетті. 2025–2026 оқу жылында білім алған 15 200 балаға бір реттік ыстық тамақ берілді.
Жиында ұстаз еңбегі де ескерусіз қалмады. Білім саласына елеулі үлес қосқан бірқатар педагог мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық білім басқармасының және Түркістан қаласы әкімінің алғыс хаттары мен марапаттары табысталды.
ЗИНА ӨТЕГЕНОВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ
Білім беру саласындағы көптеген өзгерістер оң нәтижесін беретініне сенімдімін. Бүгінгі конференциядан алар жаңалығымыз өте көп болды.
ӘЛИЯ БАЙМҰХАМБЕТОВА, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Жалпы еңбек өтілім – 24 жыл. Бүгін еңбегімді елеп, қала әкімінің қолынан алғыс хат алғаныма өте қуаныштымын. Еңбегіміздің еленгені бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта ұлт болашағы үшін аянбай еңбек етеміз деп сенемін.
2025–2026 оқу жылында Түркістан қаласында мектеп бітірген 3 262 түлектің 2 673-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде 243 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Қалада бүгінде 83 мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар 160 балабақша бар. Білім беру ұйымдарында 60 265 оқушы білім алуда. Қала мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, білім ошақтары жаңа оқу жылына толық дайындалды.